АймақҚарағанды

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды

Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы өңірде 13 арнайы жұмыс орны ашылып, есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар жұмыспен қамтылды.

Мысалы, қарағандылық Найман Жақсыгорин «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде ерекше балаларға арналған үстел ойындарының нұсқаушысы қызметіне орналасты. Ол мүгедектер арбасымен қозғалса да, белсенді өмір сүріп, қоғамға пайдалы болуға тырысады.

– Мен арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі жанмын, бірақ қолым мен басым жұмыс істейді. Мен өз дағдымды пайдалана алатын жұмыс іздедім. Еңбек ұтқырлығы орталығына жүгіндім. Онда маған «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде бос жұмыс орнын ұсынды. Мен келісіп, директормен әңгімелесуден өттім. Біз бұл жұмыс маған жарайды деген қорытындыға келдік, – дейді ол.

Жаңа қызметкер үшін жұмыс орны мүмкіндігінше ыңғайлы болатындай етіп жабдықталды: мекеме ішінде пандус, тұтқалар орнатылып, арнайы жиһаз қойылды. Бұл – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Тағы бір мысал – Алмас Мырзаханов. Есту қабілетінде күрделі ақауы бар қарағандылық азамат «АлтынПласт» компаниясына терезе монтаждаушысы болып жұмысқа орналасты. Оның жұмысқа орналасуына да арнайы жағдай жасалып, қажетті құралдармен қамтамасыз етілді.

Арнайы жұмыс орындарын жасақтаған жұмыс берушілер мемлекет тарапынан қолдауға ие болады. Олар пандус, арнайы жабдық сынды инфрақұрылым шығындарын өтеу үшін субсидия алады. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу шығындары да ішінара өтеледі. Бірінші жылы мемлекет жалақының 70%-ын (30 АЕК-тен аспаған жағдайда), екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%-ын субсидиялайды.

2024 жылы Қарағанды облысында 1318 мүгедек жұмысқа орналастырылған болатын. Былтырғыдай, биыл да есту және көру қабілеті бұзылған жандарға арналған 13 арнайы жұмыс орны құрылып отыр. Бұл бастамалар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еңбекке араласуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға жол ашады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button