Қарағандыда Ұлттық ұлан сарбазы тәртіп бұзушыны байқап, дабыл қақты

18 қаңтар күні сағат 17.20 шамаларында Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімнің ішкі қарауыл қызметі кезінде бақылау құралдарының сақшысы бөгде адамның әскери бөлімнің маңына қарға зат салып жатқанын байқайды. Аталмыш оқиға бойынша сарбаз бірден қарауыл бастығына баяндап, әскери бөлімнің қызметшілерімен Қарағандылық 27 жастағы азамат ұсталды.

Тексеріс кезінде тәртіп бұзушының қалтасынан ақ-көк түсті арнайы иісті 4 бірдей фальгаға оралған зат және қарға көмілген дәл сондай 3 зат табылды.

– Менің қызметім бөлімнің ішкі және сыртқы аумағын бақылау құралдары арқылы тексеру болатын. Кенет, әскери бөлімнің маңына көлік тоқтап, ішінен белгісіз азамат шығып бір заттарды көміп жатқанын байқадым. Міндетіме сай, қарауыл бастығына баяндадым,- дейді қатардағы Ердаут Сарсенбай.

Оқиға орнына полиция қызметінің жедел тексеру тобы шақырылып, тәртіп бұзушыны толығырақ тексеріс жұмыстары үшін полиция бөліміне алып кетеді.

ҚР Ұлттық ұланының орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі