Жаңалықтар

Қарағандыда көпқабатты үйде газ жарылды

Республика даңғылындағы 16 қабатты тұрғын үй өртеніп жатыр.

Құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап, өртті сөндіруде. Төтенше жағдай орнына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиға туралы төмендегідей ақпарат берді.

«Бір кіреберісі бар 16 қабатты 127 пәтерлі үйдің болжам бойынша 8-ші қабаттағы пәтерінде газ жарылысы болды. Пәтер ашық жалынмен жанып жатыр.

Үй кіреберісіне түтін қатты тараған.

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, шұғыл-құтқару жасағының, Апаттар медицинасы орталығының күштері мен құралдары, барлығы жеке құрамның 50 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды. Әзірге басқа ақпарат жоқ», — деді ресми өкіл Руслан Иманқұлов.

Қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындарды жылыту үшін оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 3 вахталық автобусы жөнелтілген.

Эвакуацияланған тұрғындар қонақ үйлерге орналастырылады. Кейбіреулері туыстарына барады. Оқиға орнында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, Қарағандыда қазір қатты аяз,ауа температурасы -35 градусты көрсетіп тұр.

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button