Бас тақырып

Қарағандыда электр желілері 73%-ға тозған

Қарағандылықтар электр қуатының жиі өшетіндігін айтып шамымдануда. Ал, ондай ақаудың жиі орын алатыны – электр желілерінің тозуы. Бүгінде қаладағы электр желілері 73%-ға тозған. Осы мәселені шешу үшін «Қарағанды Жарық» компаниясында электр қуатымен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыру жолдары талқыланды. Айта кетейік, Қарағандыда барлығы 1 472 шақырым кабельдік желі, 32 қосалқы станция бар.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мәселен, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жаңа кабельдік желілері тартылып жатыр.

– «Оңтүстік-Шығыс» қосалқы станциясы 2012 жылы қайта жөндеуден өтті. Трансформаторлар толығымен ауыстырылды. Бірақ, өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында салынған желілер ауыстырылған жоқ. Былтырдан бастап оларды жаңарту жұмыстары басталды. Степной шағын аудандарына жаңа кабельдік желілер тартылды. Қазір біз «Арай» базарының ауданында орналасқан қосалқы станциядан ЦРП-5-ке кабел ауыстырып жатырмыз. Ұзындығы – 8,3 шақырым болады. Кабель сапасы жақсы, – деді «Қарағанды Жарық» ЖШС Бас директоры Дидар Ахмадин.

Ал, мердігердің айтуынша жұмыстың 40%-ы орындалған. Жаздың соңына дейін жұмыс толық аяқталатынын айтады. Сонымен қатар, «Панель-орталыққа» дейін жаңа кабельдік желілері ауыстырылады деп күтілуде.

30-шы шағын ауданында «Болашақ» жаңа қосалқы станциясын салу жоспарлануда. Бас директор жобаның мемлекеттік органдармен келісіліп, кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісетіндігін айтады. Ал, бұл жобаны іске асыру мерзімі екі-үш жылға созылатынын мәлімдеді.

Одан бөлек, «Жаңа қала» қосалқы станциясында да жаңа электр желілері тартылуда. Бұған дейін жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген. Енді қайтадан жаңа әрі қуатты трансформатор орнатылуда. Трансформаторларға тапсырыс қыста, Өзбекстан зауытына берілген. Қазір сол трансформаторды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада іске қосылады.

– Жаз – жөндеу науқанының қызу уақыты. Әрине, тұтынушы мұны көрмейді. Сондықтан, «біздің компания жұмыс істемейді» деп санайды көпшілік. Іс жүзінде жұмыс ауқымды және тек қалада ғана емес, облыс бойынша да жүргізілуде. Ең алдымен, бұл электр қуатымен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған. Біздің жұмысымыздың көрсеткіші – қысқы уақыт кезеңі. Жазда жасағанның бәрі тұтынушының қыста жарық және жылумен болуы үшін қажет, – деді «Қарағанды Жарық» ЖШС техникалық директоры Константин Конради.

Одан бөлек, Федоровкада жаңа қосалқы станция салынады. «ГПП-1 – ПС Саран» әуе желісіне де қайта құру жүріп жатыр.

«Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы ұзақ уақыт бойы шамадан тыс жүктеліп келеді. Бұл мәселені шешу үшін қоректендіру желісі бар жаңа қосалқы станция салынды. Мердігер трансформаторды жеткізуге келісімшарт жасалуда.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button