Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда бочча спортынан облыстық біріншілік өтті

Қарағандының 90 жылдығына орай және Қазақстандағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай  С.Сәпиев атындағы бокс орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арасында боччадан облыс чемпионаты өтті. Оған аймақтың түпкір-түпкірінен 24 спортшы қатысты.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Бочча спорты – сал ауруы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге арналған. Баланың төзімділігі мен зейінін, көз өткірлігін дамытып, қозғалыс белсенділігін арттыратын спорт түрі. Бүгінде аталмыш турнирге аймақтың түпкір-түпкірінен спортшылар қатысты. Олардың ішіндегі ең жасы – 6-да.

– Чемпионаттың басты мақсаты – бочча ойынын дәріптеу. Аймақта спорттың осы түрімен айналысатын спортшылардың көп болғанын қалаймын. Екі қарағандылық боччист ұлттық құрама сапына өтті. Олардың бірі қазір Финляндияда өтетін халықаралық турнирға дайындалуда. Өткен жылы облыс намысын қорғаған спортшы биыл Грецияда өнер көрсетті. Әзірге боччамен айналысатындардың көпшілігі Қарағандыда тұрады. Балаларды осы спортқа шақыру үшін шеберлік сабақтарын өткізуге тырысамыз. Мен өзім боччамен айналысатын ерекше баланың анасымын. Ең бастысы – отбасының қолдауы, – деді деді бочча спорты бойынша Қазақстан Федерациясы президентінің Қарағанды облысы бойынша орынбасары Гаухар Әкіжанова.

Ойын арнайы кортта өтті. Бағдарламада жеке және жұптық сын болды. Әрі, спортшылар командаға бөлініп, командамен өнер көрсетті. Ойынның шартына келетін болсақ, қолыңыздағы допты негізгі допқа, яғни, джек добына мүмкіндігінше жақын лақтыру. Бұл жердегі бір ерекшелік, турнир BC1, BC2, BC3, BC5 санатында өтті. Соның ішіндегі ең ерекше түрі – BC3 санаты. Мұнда рамп-операторы қарастырылған. Яғни, спортшы допты өз еркімен лақтыра алмағандықтан рампа мен көмекшінің көмегіне жүгінеді. Қалған сыныптарда спортшылар допты өз еркімен лақтыра алғандықтан, мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған.

Жарысқа қатысушылардың бірі тоғыз жастағы Кристина Кузнецова. Ол церебральды сал ауруына шалдыққан. Боччамен шұғылданып жүргеніне үш жылдан астам уақыт болған. Осы уақытқа дейін түрлі байқауларға қатысып, екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған.

– Мен қызымды қолдаймын. Астанада өткен соңғы жарыстарының бірінде бірінші орын алды. Қызым боччамен айналысқанды ұнатады. Жарыстарға көбірек қатысып, жеңіске жеткісі келеді. Ең бастысы қызым осы спорт түрімен шұғылдана бастағалы бері бойында табандылық байқала бастады. Әрі қолдары да жақсы қозғала бастады, – деді Кристинаның анасы Татьяна.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button