Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды
Қарағандыда полиция балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер соңғы алты айда алдау, қорқыту және күш қолдану арқылы әлеуметтік осал санаттағы бірнеше жәбірленушіден 10 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Оларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жедел іс-шаралар барысында өңірдегі балаларға арналған мекемелердің бірінің тәрбиеленушілері қылмыскерлердің құрбаны болғаны анықталды.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар және жүзден астам оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Полиция олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



