АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда қалдықтардан электр өндіретін зауыт салынады

Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салу жоспарланып отыр. Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады. Жаңа зауыт жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеп, бір мезгілде сағатына 20 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндірмек.

Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Бұл бастама өңірдің қалдық басқару жүйесін жаңа деңгейге шығарып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті де күшейтуді көздейді. Құрылысқа қатысты негізгі мәселелер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен жобаның әлеуетті инвесторлары арасындағы кездесуде талқыланды. Кездесу барысында инвесторлар болашақ нысанның техникалық сипаттамалары мен құрылыс кезеңдері жөнінде мәлімет берді.

Облыс әкімі экологиялық қауіпсіздік пен фильтрациялық жүйелердің заманауи стандарттарға сай болуы – басты шарт екенін атап өтті. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Жобаны іске асырушы – «Қарағанды қаласы ГорКомТранс» ЖШС. Жобаға серіктес ретінде қалдық өңдеу саласында халықаралық тәжірибесі бар Shangxi CG Construction Group Co., Ltd. компаниясы тартылып отыр.

Болашақ зауыт Қарағанды қаласының бас жоспарына сәйкес, қазіргі жұмыс істеп тұрған тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында бой көтермек. Құрылыс кезінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылғаннан кейін кемінде 50 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.

Қазіргі таңда жоба бойынша жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, инвесторлармен қаржыландыру нұсқалары қарастырылып жатыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалу сатысында.

«Қарағанды қаласы ГорКомТранс» ЖШС бас директоры Марат Бимағанбетовтің айтуынша, бұл жоба қалдықтарды өңдеудің толық циклін қамтитын тұйық жүйені қалыптастыруды мақсат етеді.

– Біз қалдықтармен жұмыс істеудің тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз моделін енгізгіміз келеді. Бұл модель қалдықты сұрыптау, жою және энергия өндіру кезеңдерін толық қамтиды. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсіп жатқан жүктемені ескерсек, мұндай шешім көптен бері іске асып келеді, – деді «Қарағанды қаласы ГорКомТранс» ЖШС бас директоры Марат Бимағанбетов.

Жобада қалдықтарды термиялық жолмен қайта өңдейтін озық технологиялар қолданылады. Кешен Еуропалық одақтың экологиялық талаптарына сәйкес келетін көпсатылы газтазарту жүйесімен жабдықталады. Зауытта диоксиндер, ауыр металдар мен шаң бөлшектері секілді зиянды заттардың шығарылымын автоматты түрде бақылайтын заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Бұл – санитарлық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі алғышарты.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін дамыту. Қарағандыда бүгінде пластик, қағаз, шыны сияқты қалдықтарға арналған бөлек контейнерлер орнатылған. Алдағы уақытта осындай контейнерлердің санын көбейтіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр. Бұл бағытта БАҚ, мектептер мен әлеуметтік желілер кеңінен қолданылады. Халықты ынталандыру шаралары мен жергілікті басқару құрылымдарымен (МИБ, ПИК) бірлескен жұмыс та қарастырылған.

Айта кетерлігі, Қарағандыда қазірдің өзінде қоқыс сұрыптау зауыты жұмыс істеп тұр. Жаңа кешен іске қосылған жағдайда қалада қалдықтарды толық циклмен өңдеу жүйесі сұрыптаудан бастап, энергия өндіретін экологиялық қауіпсіз утилизацияға дейін қалыптасады. Бұл – Қазақстан бойынша алғашқы тәжірибе болмақ. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ол өзге өңірлерге де үлгі ретінде кеңінен енгізілуі мүмкін.

Қоршаған ортаға салмақ түсірмей, қалдықты ресурс ретінде пайдалану – қазіргі заман талабы. Қарағандының бұл қадамы еліміздегі экологиялық әрі энергетикалық тұрақтылыққа бағытталған нақты әрекеттің көрінісі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button