Қарағандыда 94 медицина қызметкері баспаналы болды
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аймаққа іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова біршама салтанатты шараға қатысты. Бұл жолы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге денсаулық сақтау нысандарының 94 медицина қызметкеріне пәтер кілтін табыстады.
Кезінде қала орталығындағы облыстық балалар клиникалық ауруханасы қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан кең ғимаратқа ауысқан еді.
Ал, бұл ескі ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарына жабылып, медицина қызметкерлеріне берілетін болған. Бүгінде жөндеу жұмыстары толық бітіп, аталған медицина қызметкерлеріне табысталды.
– Аймақта біршама жұмыстар жасалып жатыр. Мен сол игі бастамалардың куәгері болғаныма қуаныштымын. Биыл ауыл медицинасын көтеру үшін 155 нысанның құрылысын салуды бастап кеттік. Екі жыл мұғдарында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, қай өңірді алсақ та бос ғимараттардың саны көп. Әрі оларды сұраушылардың саны да жетіп артылады. Ал, сіздер, керісінше, басқа емес, медицина саласының қызметкерлері үшін осындай игі бастама жасап жатырсыздар. Одан бөлек, өңірде жыл соңына дейін тағы да бірнеше сала маманына пәтер кілті беріледі екен. Әрине, бұл үлкен қуаныш. Біздің тараптан қолдау бар, – деді Ақмарал Әлназарова.
Өңірде медицина саласының қызметкерлерінің жағдайын жақсарту әрі кадр тапшылығын шешу мақсатында біршама жобалар қолға алынған. Сол жобаның бірі – сала мамандарын баспанамен қамту. Ал, баспана мәселесі шешілсе кадр тапшылығы да жойылмақ. Бүгінде осы мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде медицина саласының қызметкерлеріне жағдай жасау керектігі жөнінде баса айтқан еді. Соған сәйкес өңірде біршама жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірде сала мамандарына 220 пәтер кілті беріледі. Бүгін соның 94-і тапсырылып отыр. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz