Қарағандыда 92 жастағы науқасқа шұғыл ота жасалды
Қарағанды қаласының № 2 көпсалалы ауруханасында 92 жастағы науқасқа шұғыл ота жасалды. Оған мықын және феморальды артериялардың эмболиясы диагнозы қойылды. Операция сәтті өтіп, тамырлардағы қалыпты қан ағымы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Отаның ерекшелігі – ол гибридті түрде өтеді, яғни ұйыған қанды ангиографиялық аппараттың көмегімен жояды.
– 92 жастағы науқастың тамырлары өте күрделі өзгерістерге ұшыраған. Тізе астындағы тамырлардың толық бітелуі ота кезінде ептеп қиындық тудырды, бірақ ангиографиядан кейін балон әдісімен бітелген тамырлар толығымен қалпына келтірілді. Ангиопластика және аяқтың ампутациясын болдырмайтын стент орнату жүргізілді. Науқас 7 күннен кейін отбасына орала алды, – дейді № 2 көпсалалы ауруханасының мамандары.
Әдетте, мұндай оталарға жедел инфаркт кезінде тромбоаспирация, баллонды ангиопластика және коронарлық артерияны шұғыл стенттеу жатады екен. Барлық науқастар жергілікті анестезиямен емделіп, дәрігердің тікелей бақылауында болады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.