Жаңалықтар

Қарағандыда 40 түп ағаш заңсыз кесілген

Қарағандыда көпқабатты үй салмақ болған құрылыс компаниясының өкілдері халық наразылығын біле тұра, оның үстіне әкімдіктің рұқсатынсыз 40 түп ағашты басқа жерге апарып еккен, деп хабарлайды ortalyq.kz «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Бірақ егілген ағаштардың тамыры үзіліп, кейбірі түбінен кесіліп алыныпты. Енді олардың өсер-өспесі белгісіз. Қоғам белсенділері бұл табиғатқа жасалған қастандық деп ашуға булықса, компания өкілдерінде үн жоқ. Экобелсенділер полиция іс қозғағанымен ол сотта нәтижесіз аяқталуы мүмкін деп күдіктенеді. Бұған не себеп? 

Қарағандының Оңтүстік-шығысындағы мына жерде бұрын шағын балабақша болып, айналасы жасыл желекпен көмкеріліп тұратын. Бірақ, күні кеше оны компания өкілдерінің әкетіп жатқанын тұрғындар бейнетаспаға түсіріп алған. Бірақ компания өкілдерінен ешкім жақ ашпайды. Хабарласса, «әзірге айтар жоқ», – дейді. Белгілісі ағаштарды қаланың басқа бір бөлігіне алып келіп, қалай болса солай еккені.

Марат Түсіпов, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Қылмыстық істер қозғалады, содан кейін тоқтап қалады. Негізі бұны аяғына дейін жеткізіп, компенсациялық отырғызуды соңына дейін жеткізу керек. Сонда бір заңсыз құртылған ағаштың орнына 50 ағаш егілуі тиіс. Мына жерде көріп тұрсыздар, заңбұзушылық тікелей. 40-тан астам ағашты осы жерге отырғызған. Бірақ технологияны қадағаламаған өсер-өспесін осы көктемде көресіздер.

«Бір тал кессең он тал ек» деген баба сөзін былай қойғанда олар заңдағы қылмыстық баптарды да елемеген. Ресми органдар мұндай бассыздықты болар іс болғаннан кейін ғана көріпті.

Айгерім Ержанова, Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі көгалдандыру бөлімінің маманы:

– Біздің әкімдік құрылыс компаниясына ағаштарды кесуге рұқсат берген жоқ. Қазіргі уақытта оңтүстік шығыс ПБ хат жолданды, қылмыстық іс қозғалып жатыр. Шығын көлемі – 1 200 АЕК.

Ірі құрылыс команиясы үшін 1200 АЕК, яғни шамамен 4 млн.теңгеден сәл асатын қаржы көп шығын емесі анық. Енді қайта егілген ағаштардың жайқалып өсуі күмән тудырады. Негізі қылқанжапырақтарды ағаштарды бір жерден екінші жерге алып егу үшін қаңтар айының қазіргідей нөлден 15-17 градус төмен болып тұрған ауа райы қолайлы. Бірақ бірқатар талаптар бар. Соның ең негізгісі ағаштардың діңі, тамыры үлкен көлемдегі топырақпен қатар алынуы керек. Ал мына тұрған ағаш немесе мына тұрғаны мүлде өспейді деп бек сеніммен айтуға негіз бар. Ал экологтар құрылыс компаниясының өкілері мен жалпы табиғатқа жаны ашымай, жасыл желектерге жауша тиетіндердің бұл ісін заңның осалдығынан көріп отыр.

Дмитрий Калмыков, «Қарағанды экомузейі» ҚБ даму жөніндегі директоры:

– Компания өкілдері құрылыс салуға рұқсат алғанымен, ағаштарды кесуге рұқсат алып жатқан жоқ. Эко белсенділер полиция шақырып, іс қозғатқанымен,  қозғалған қылмыстық іс сотқа барғаннан кейін тоқтап қалады. Себебі әкімдік өкілдері сотта жасыл желектер біздің баланста болмаған деп шығады. Соның салдарынан жазаға тартылып жатқан ешкім жоқ. Еске салған жөн, ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты жарты миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Басқа материалдар

Back to top button