Қарағанды жолдары қандай-ды?
Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек. «Өгіз – өлмес, арба – сынбас».
Қоғамда қызу өрбитін әңгіменің бірі – жолдың жағдайы. Жасыратыны жоқ, аудандар мен ауылдарды әрі қойғанда, облыс орталығындағы автожолдардың өзі көбіне сынға ұшырап жатады.
Әрине, жол жөндейтін кәсіпорындар ала жаздай қол қусырып отырады дегеннен аулақпыз. Жергілікті билік өкілдері де көшпелі жиындар өткізіп, көше-көшедегі жөндеу жұмыстарын көзбен көреді, үнемі бақылайды.
Қарағандылықтар жақсы білер. Биылғы жазда бірнеше көшенің жолдары жөнделді, аулалар абаттандырылды.
Сонымен, нақты не істелді? Қарағанды қаласы әкімдігінің бізге ұсынған ресми деректері сөйлесін…
Орташа жөндеу –
ол да олжа
Биылғы жылы Қарағанды қаласында ұзын саны 125 автокөлік жолы орташа жөндеу көрген. Олардың жалпы қашықтығы 153 шақырымға тең. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 130 шақырымға артық көрінеді. Келісерсіз, ауыз толтырып айтатындай-ақ көрсеткіш.
Орташа жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде – 25 көшедегі жол қамтылса, 100 көшенің бойын жөндеу – екінші кезеңнің еншісінде.
Қазіргі күні бірінші кезеңде көзделген меже толықтай орындалған. Ал, 100 көшенің бойындағы автожолдарды жөндеу мерзімі екі жылға жоспарланған. Оның ішінде, 46 жолдың бойындағы жұмыстар толықтай аяқталса, 14 учаскедегі жұмыстар жыл аяғына дейін мәресіне жетпек. Қалған 40 көшенің бойындағы автожолдарды жөндеу – алдағы жылы толықтай орындалады деген жоспар бар.
Айтпақшы, осынау жөндеу жұмыстарымен қамтылғандардың негізгі дені – шағын автожолдар. Яғни, жекеменшік сектордағы үйлердің бойында орналасқан. Олардың көбісі соңғы 40-50 жылдың мұғдарында мүлдем жөндеу көрмесе керек.
Әрине, асфальтты төсеу, тиісті жол белгілерін қою жұмыстары ауа райына да тәуелді. Соған орай, жұмыс кестесіне өзгерістер мен түзетулер енгізілетінін ескерген абзал.
Күрделі жөндеу –
көшеге өң
Негізінен, бюджеттің қыруар қаражаты жол жөндеуге бөлінетіні белгілі. Мәселен, Гоголь көшесінің бойындағы автокөлік жолын (7-магистральдан – Гудермесская көшесіне дейін) күрделі жөндеу үшін 2,2 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Соның 779 миллион теңгесін игеру – үстіміздегі жылдың үлесіне тиіпті. Жөнделуі тиіс жолдың қашықтығы – 5,4 шақырым. Бүгінгі күні Гудермесская көшесінен Н.Әбдіров даңғылына дейінгі аралық толық жөнделген.
7-магистраль мен Сәтбаев көшесі аралығында жаңарту, екі су құбырын жабдықтау, монтаждау және жаяу жүргіншілер жолын жөндеу сияқты жұмыстар жүргізілді. Жалпақ тілмен айтқанда, көшенің өңі кірді. Көлік кептелісі азайып, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасалды. Өзгені қайдам, қоғамдық көлікпен дәл осы көшенің бойынан өтіп бара жатқанымызда жөндеу жұмыстарына көпшіліктің іші жылып, «бәрекелді!» дескендерін құлағымыз жиі шалады. Және бұқараның мұндай жөндеудің шарапаты өзге көшелерге де тисе екен дейтіні де заңдылық. Оның өзінде, көптеген жөндеу жұмыстары тым кеш қолға алынады. Мысалы, «Көгілдір тоғандар» ықшам ауданындағы жол жөндеу жұмыстары қара күзде басталды. Соңын ала қар түсті, жаңбыр жауды, ақыры тұрғындар тілім-тілім жолдың бойымен, саз-балшықты басып жүруге мәжбүр. «Мынау – қаланың жолы ма, даланың жолы ма?» деген сауалды арқалап…
Ал, Ленин және Сәтбаев көшелерінің аралығында жол қабаттарын нығайту жұмыстары жалғасуда. Осы Ленин көшесінен Н.Әбдіров даңғылына дейінгі жол алдағы жылы жөндеу көрмек. Бұл ретте, М-1 жылу магистралін (Гоголь көшесінің Әлиханов көшесімен және Н.Әбдіров даңғылымен қиылысының аралығы) қайта жөндеу жұмыстарының кестесі ескеріледі.
Жол құрылысына –
100 миллион теңге
Осы жылы Приканальная көшесінің бойына автокөлік жолын салуға 100 миллион теңге бөлініпті. Әзірге бұл маңайда диаметрі 630 және 250 милиметр болатын кәріз құбырларын, диаметрі 630 милиметрлік су құбырының сыртқы қабатын орнату және диаметрі 1000 милиметрге тең кәріз құбырының орнын ауыстыру сияқты жұмыстар атқарылған.
Жалпы, автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы көрсеткішін тағы 5%-ға арттыру – негізгі мақсат. Сөйтіп, жыл соңында бұл көрсеткіш 57,5%-ға теңеледі деген жоспар бар.
«Театр киім ілгіштен басталады»
Тоғыз жолдың торабындағы Қарағандыға облысымыздың, республикамыздың, тіпті, шет елдердің азаматтары жиі табан тірейді. Солардың барлығы дерлік қаладағы жолдарға, көшелердің келбетіне бірден зер салады. Яғни, «театр киім ілгіштен басталса», меймандардың Қарағандымен танысуы шаһардың кіреберісінен – жолдарынан басталады.
Мұны – бір десеңіз, Қарағанды тұрғындарына да керегі – сүйікті қаласының тазалығы, жібі түзу жолдар мен келбеті жарасқан көшелер.
Біз қолда бар деректі сөйлеттік. Халықтың көзі – ашық, бағаны де беретін – бұқараның өзі. Көшіміз – түзу, көшеміз де…
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.