Қарағанды қысы: қар басқан көше, тұралаған көлік
Жексенбі күні ерте ояндым. Оятқан – досымның қоңырауы. Телефоннан қуанышты даусын естідім. Үйлі болыпты, сүйінші сұрады. Пәтер жағалап, тапқан-таянғанын жалдамалы пәтеріне жұмсап жүргеніне 7-8 жылдың мұғдары болған.
– Нұрдос, үй алдым. Үй жалдаудан құтылдым. Мемлекеттік бағдарлама арқылы екі бөлмелі пәтердің иесі атандым. Айына 90 мың теңге төлеймін. Әйтеуір, ақшамды біреуге емес, өз үйіме саламын ғой, – деп ағынан жарылды досым. Мен де құтты болсын айттым. Қоныс тойына шақырды.
Көлеңке басы ұзарып, күн қонақтауға аз қалғанда досымның үйіне бет алдым. Автобусқа отырып межелеген мекен-жайдың аялдамасынан түсіп қалдым.
Кеншілер даңғылы, 25 үйдің алаңына келгенде қарға малтықтым. Бір емес, екі көлік қарға асылып, дөңгелектері айналып тұр. Ақ ұлпа жамылғалы жол ауырлап қалған екен. Жабылып жүріп көліктерді қардан итеріп шығардық. Жүргізушілердің өкпесі қара қазандай. Аталмыш үйдің тұрғындары сияқты. Өйткені, «бұл жердің қары тазаланбағалы біраз уақыт болды» – деп кіжініп қояды. Бұрқ-сарқ қайнап, қаланың атқа мінерлерінің жұмысын сынға алып жөніне кетті әлгі жүргізушілер. Қош, содан досымның үйіне бас сұқтым. Дастарқан басында да қар туралы әңгімелер қарша борады. Ішіндегі бір белсенді танысымыз:
– Осы қар туралы неге жазбайсыңдар? Қар елді әбден әбігерге салды. Журналист жазбағанда мұны кім жазады? – деп мені қамшылады. Қар жайлы әңгіменің басы көпке дейін қайырылмады. Мейман асымды ішіп болған соң қайтар жолға такси шақырттым. Маған келген такси де омбы қардан өте алмай үйдің сыртына тоқтады. Өмірімде такси жүргізушілеріндей «саясаткерді» көрмедім. Айтар сыны мен уәжі көп. Ел ішіндегі елең еткізер жаңалықты жария етіп келеді. Майқұдыққа жеткенше қар жайлы әңгіменің де тиегін ағытты.
– Жеті жыл болды такси қызметінде жүргеніме. Қыс басталса қиындықты жолдан көреміз. Былтыр 1 млрд. теңгеге 60 техника алынды. Сол техникалар аула қарын тазалайды деп қуанған едім. Қуанышым су сепкендей басылды. Үй аулаларына кіріп-шығу қиын. Бізді қойшы, жедел-жәрдем көліктеріне тіпті қиын ғой. Қарағандының аулаларында тау болып үйіліп жатқан қар аз емес. Уақытылы тазаланбайды. Жұмыс күші аз сияқты. Қар жауған күндері көше жолын тазалауға да үлгермей жатады,– дейді такси жүргізушісі. «Көгілдір тоғандарға» келгенде ақшасын төлеп, жол шетіне түсіп қалдым. Үйге дейін жеткізіп саламын деген ниетіне рахмет айттым. Такси жүргізушісін аядым. Өйткені, біздің үйдің алаңында да көлік қатынасы қиындап қалғалы қашан…
Нұрдос КӘРІМ
Қарағанды қаласы.