Бас тақырып

Қарағанды тартымды қалаға айналады

«Қала – тірі ағза. Кез кел­ген тірі ағза секілді ол да жетіледі, кеңейеді, жаңа формаларға ие болады», – дейді архитекторлар. Қарқынды дамып келе жатқан әлемде тоқтаусыз тіршілік кешетін қала да өзінің әдеттегі функцияларын артқа қалдырып, жаңаларын игеруі керектігі қалыпты құбылыс. Жаңа технологиялардың пайда бо­луымен қалалар тұрғындар үшін ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыда таза бола бастады. Қарағанды да бұл көштен қалмақ емес. Бюджеттен биылғы жылы қалаға бөлінген сома – 152,60 млрд теңге. Бұл қаражат тұр­ғындардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз етіп қана қой­май, қаланың да сәнін аша түс­пек. Мәселен, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен жиында қала басшысы Мейрам Кожухов мәлімдеген жоба жүзеге асар болса, газбен және жылумен толық қамтылып, судан тапшылық көрмейтін Қарағандыда «ал­ма бағы» пайда болып, көлік легін «ақылды бағдаршамдар» басқаратын болады.

Биыл – жол қозғалысы қауіпсіздігі жылы

Газ, жылу және судан бөлек, қала көркіне де ерекше мән берілген биылғы жоспарда. Мәселен, Назарбаев даңғылы қайта реконструкцияланады. Одан бөлек, қа­ланың бірнеше гүлзарлары қай­та жасалады. Урбанистика ор­талығымен бірлесіп жасалған жо­ба тұрғындардың негізгі сұраныстарына толықтай сай болуы тиіс.

Жобалардың басты идеясы – әр аллеяға өзіндік стиль беру және көрер көзге әдемі ету. Айта кетер болсақ, көптен бері жөндеуді қажет етіп тұрған Назарбаев даңғылы – қарағандылықтар серуендеуді жақсы көретін орындардың бірі. Бұл жерде жоба бойынша тротуарларды жөндеу, көгалдар төсеу, 175 ағаш отырғызу, 260 жарықтандыру тіректерін, жаңа орындықтар мен шатырларды орнату жоспарланып отыр.

– Бұқар жырау даңғылындағы субұрқақтар каскады маңындағы аумақ абаттандырылады. Орталық саябақтың кіреберісі де біраз жылдар бойы тиісті жөндеуден өткен жоқ. Одан бөлек, саябақтағы жаяу жүргіншілер жолының төсемелері ескіріп, сына бастаған. Жарықтандыру да жеткіліксіз. Олардың барлығы толығымен ауыстырылады, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ, Күзембаев атындағы, «Ғасыр» СҮ жанындағы және 14-шағынаудандағы саябақ та жөндеуден өтеді. Ал, «Алаш» саябағы, К.Станиславский атындағы театрдың алдындағы алаң, сондай-ақ, Бұқар жырау даңғылындағы жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады.

Н.Әбдіров даңғылындағы 25 және 26 үйлердің аулаларын абаттандыру, Кеншілер даңғылы бойындағы саябақты ағымдағы жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары, орамішілік жолдарды, кіреберістерді абаттандыру, аулаларда шұңқырларды жөндеу және жаяу жүргіншілер жолдарын орнату, көгалдандыру, ағаштарды кесу, ауданды безендіру жұмыстары жүргізіле береді. Қазыбек би атындағы аудан бойынша жұмсалатын қаржы 8,2 млрд теңге болса, Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша 3,4 млрд теңге қарастырылған.
Мейрам Кожухов 2025 жыл Оңтүстік-Шығыс, Майқұдық және жол қауіпсіздігі жылы болатынын да айтты. Сондықтан, қаланың осы екі бөлігіне ерекше назар аударылады.

Әлихан Бөкейхан ауданында жол жиектері де көгалдандырылып, ағаштар пішіндеп кесіледі. Ал, ірі сауда орталықтары мен дүкендердің жанында жаяу жүргіншілердің қауіпсіз және жайлы қозғалысы қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, қала бойынша реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдеріне 800-ге жуық жаңа жол белгілері, 50 жасанды жол кедергісі орнатылады.

Абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жүзеге асырылатынын айту керек.

– Біздің міндетіміз – облыс орталығына демалу және серуендеу үшін көбірек аймақтар қосу. Жол бойындағы, аулалардағы, орталық көшелердегі бос жерлерді де абаттандырыңыздар. Тұрғындардың үміттері зор және біз оларды ақтауға міндеттіміз. Біз қаланы жайлы, заманауи және өмір сүруге ыңғайлы етуге тиіспіз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

«Ақылды бағдаршамдар» іске қосылады

Қалада автожолдардың құрылысы мен реконструкциясы жалғастырылатын болады. Оған 3,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл ретте Космонавттар, Бөкетов, Дүйсембеков, Бауыржан Момышұлы, Мұқанов, Сарыарқа және Университет көшелеріндегі жолдар қамтылады.

Ал, жолдарды күрделі, орташа және ағымдық жөндеуге шамамен 13,3 млрд теңге жұмсау жоспарлануда.
Жалпы, Қарағанды облысында 200 мыңнан астам көлік тіркелген. Автокөлік санының қарқынды өсуі салдарынан кейінгі жылдары қалада кептеліс жиілегені байқалады. Бұл мәселе де әкімнің назарынан тыс қалмаған. Мейрам Кожуховтың жобасы бойынша қала жолдарындағы кептелісті бұдан былай «ақылды бағдаршамдар» өздері реттеп тұрады.

Қала басшысы наурыз айына дейін бағдаршамдар толығымен ауысады деп уәде берді. Сәйкесінше, қарбалас уақытта көлік легі оңай реттеліп, жолға кететін уақыт азаяды. Қала әкімі қалалық жолдардың кейбір бағыттарын біржақты ету қажеттігін атап өтті. Бұл да – кептелісті азайту үшін болашақта қолданылатын шаралардың бірі.

Кептеліс – өз алдына, қысқы уақытта автокөлік жолдарының қардан сапалы тазалануы да қала өміріндегі маңызды саланың бірі. Бұған қатысты «Қала орталығындағы көшелерді ғана тырналай берудің қажеті жоқ!» деп наразылығын білдірген Ермағанбет Бөлекпаев Қазыбек би атындағы және Әлихан Бөкейхан аудандарының әкімдеріне күн мен түнге қарамай, жұмыс істеуді тапсырды.

– Проблема жоқ емес, бар. Ол әлеуметтік желіде де жазылып жатады. Жаяу жүргіншілер жолына қатысты айтылмағанымен, қар шығару және жолдарды тазарту мәселесі бар. Екі аудан бойынша да мердігерлердің жұмысында олқылықтар жоқ емес. Көрмей, білмей жүрген жоқпыз. Бұл – үздіксіз атқарылуы тиіс жұмыс әрі екі аудан әкімінің тікелей міндетіне кіреді, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

«Ымыраға келу болмайды»

Қала басшысының айтуынша, жоспар бойынша биыл тұрғын үй құрылысын дамыту жалғасады. Мәселен, 30-шағынауданда үш үй және Пришахтинскіде бес қабатты үй болашақта халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөлінеді. Естеріңізде болса, өткен жылы Мейрам Кожухов Қарағандыда бұдан былай бюджеттік тұрғын үй салынбайтынын айтқан болатын. Қала басшылығы кезекте тұрғандар үшін дайын пәтерлерді құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте Ермағанбет Қабдулаұлына облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов кезекте тұрғандар үшін тұрғын үй салуға ақша салмай, дайын тұрғын үйді сатып алуға кеңес берді.

– Күш-жігерді, қаражат пен уақытты үнемдеу үшін жеке бизнесті тартып, содан кейін олардан дайын тұрғын үйді сатып алған дұрыс деп санаймын. Бұл – ұтымды шешім, – деді Ермек Алпысов.

Ал, Мейрам Кожухов «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі №9, 10 үйлерінің құрылысын аяқтауға және 14-ықшамауданындағы жаңа көпқабатты үйлердің құрылысын қаржыландыруды қолдауды сұрады.

– «Трилистник» тұрғын үй кешенін аяқтау керек. Құрылысы жылдарға созылып барады. Мысалы, №9 үй іс жүзінде дайын. Оны тапсыру керек. №10 үй де осындай жағдайда. Жұмысты аяқтауға болады, бірақ ол үшін бар күш-жігерді салу керек, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы құрылыс салушыларда рұқсат құжаттарының толық пакеті болуы керектігін айтты. «Бұдан былай құрылыс салушылардың ешқайсысы үлескерлердің атын жамылып, билікті бопсалауға батылы бармайтын болуы тиіс. Бұл мәселеде ешқандай ымыраға келу деген болмайды!», – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Аймақ басшысы қоқыстарын жинамайтын құрылыс компанияларына назар аударды. Ол Пришахтинскідегі Оқушылар сарайын тұрғызғаннан кейін қоршаған аумақты ретке келтіріп қана қоймай, көгалдандыруға үлес қосқан мердігерді үлгі ретінде келтірді.

Қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғын үй салушылардың көгалдандыруға қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оларға пәтер саны бойынша үйдің жанына ағаш егіп, содан кейін оларға күтім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұсынылады.

Алма бағы пайда болады

Мейрам Мұратұлы бөліскен тағы бір жағымды жаңалық – Қарағандыда алма бағының пайда болатыны. Бес мың түп алма көшеттері Орталық саябақ пен хайуанаттар бағының арасында орналасады. Қазір бұл үлкен аумақ бос тұр.

Кезінде бұл жерде сафари саябағын салу жоспарланған еді. Бірақ, кейіннен жүзеге аспай қалды. Егер алма бағын отырғызу сәтті жүзеге асса, бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалатын тамаша орынға әрі қала мақтанышына айналмақ. Бұны облыс әкімі де жоққа шығармайды.

Ал, Орталық саябақта жүру бағытын кеңейте отырып, балалар темір жолын хайуанаттар бағына дейін жалғау да биылғы жоспарға енген. Одан бөлек, кондиционер орнатылған және жылытылған вагондар да алынбақшы.

Аймақ басшысы хайуанаттар бағының жұмысына да қызығушылық танытты. Мұндай бақ Қазақстан бойынша небары үшеу. Соның біреуі – Қарағандыда.

Жоспарда Орталық саябақтағы аттракциондарды да жаңарту бар. Олардың бағасының қымбаттығына байланысты меншік иесі оны өз қаражатына жаңарта алмайды. Бұл ретте Ермағанбет Қабдулаұлы аттракциондардың бағасын төмендету қажеттігін атап өтті. Баға қымбаттығы аттракциондарға ғана емес, тамақ пен сусын сататын орындарға да қатысты.

– Баға өте қымбат. Бәсекелестік орната алмай отырғанымызды кәсіпкерлер жақсы пайдаланып, бағаны асыра қойып отыр. Саябаққа барғандар көп ақша жұмсайтынын жиі естимін. Шыны керек, кәсіпкерлер бағаны қымбаттатқанына қарай, инвестиция салмайтынын да мойындау керек. Бұлай бола берсе, аттракционды өзіміз алып, кәсіпкерлер тек қызмет көрсетумен айналыссын. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көңілге қонымды етіп қоямыз. Қажет болса, арзан асхана да салуға болады, – деді облыс әкімі.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button