Қарағанды облысының 150 елді мекені мен 109 жол учаскесін су басу қаупі бар
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов көктемгі су тасқынына дайындық туралы айтты. Департамент басшысының айтуынша өзен арналарының деңгейін су шаруашылығы ұйымдары бақылайтын болады. Әзірге өзен арнасындағы жағдай бақылауда.
– Самарқанд су қоймасына секундына бес текше метр, Ынтымақ су қоймасына жеті текше метр көлемде су келуде. 14 наурыздан бастап шаю басталады. Өзен арналарын шаю үшін көлемі секундына 20 текше метрге дейін артады. Бұл бізге өзен арналарын шайып, оларды үлкен көлемге дайындауға мүмкіндік береді. Даладан келетін еріген судың көлемі көп болса, секундына түсу көлемі де артады, – деп түсіндірді Мұрат Қатпанов.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, ылғал қорының көлемі (қардағы ылғалдың негізгі көрсеткіші) көпжылдық көрсеткіштерден 30-60 пайызға төмен. Топырақтың қатуы жылдағыдай. Топырақтың қатуы 60 сантиметрден бір жарым метрге дейін жетеді. Жаңбырдың әсерінен процестер нашарлауы мүмкін.
– Барлық тиісті жұмыстарды жүргізіп, бөгеттердің барлығы үнемі бақылауда ұстауымыз керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендердің қатарына су электр кешенінің астында орналасқан Чкалово ауылы кіреді. Одан кейін тізімде Ғабиден Мұстафин ауылы тұр. Сонымен қатар, Петровка және Сартөбе ауылдарына да қауіп бар. Барлығы 150 елді мекен мен 109 жол учаскесін су басу қаупі бар. Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Абай, Осакаров және Нұра аудандарында су басу қаупі жоғары, – деп атап өтті департамент басшысы.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ