Аймақ

Қарағанды облысында қылмыстық топ ұсталып, 22 келі синтетикалық есірткі мен 2 тоннадан астам прекурсор алынды

Украинаның 52 жастағы азаматы Қарағанды облысында тыйым салынған заттарды өндірген. Атап айтқанда, синтетикалық есірткі дайындаған. Ол үшін қылмыскер Бұқар жырау ауданының Керей ауылынан жеке үй сатып алып, жұмыс жасайтын қазақстандық жеті адамды жалдаған. 

 

Астана және Қарағанды облысы полиция департаменттері қызметкерлерінің бірлесе әрекет етуі нәтижесінде қылмыскерлер ұсталды. Есірткі дайындаумен және оны Қазақстан аумағында сатумен айналысқан қылмыстық топты ұстау барысында 22 келі синтетикалық есірткі мен 2 тоннадан астам прекурсор алынды. Бұл – 100 мыңға жуық бір реттік доза. Одан бөлек, екі реактор, химиялық қорғаныс костюмдері, синтетикалық есірткі өндіруге арналған басқа зертханалық жабдықтар табылған.

– Синтетикалық есірткі дайындау үшін қылмыскер Бұқар жырау ауданының Керней ауылынан жеке үй сатып алып, Қазақстанның жеті азаматын жалдаған. Анықталғандай, ұсталғандардың әрқайсысының қылмыстық тізбекте өз рөлдері болды, – дейді Астана ПД бастығы Марат Төлебаев.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері «Астана-Қарағанды» тас жолында «тасымалдаушы» болған елорданың 43 жастағы тұрғынын ұстады.

Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі, атап айтқанда, «Есірткі заттарын өткізу немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық қызметті ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button