1 қазан күні бүкіл әлемде Қарттар күні аталып өтеді. Қарттар күні халықаралық мерекесі 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Бұл күн 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді. Қарағанды облысында 60 жастан асқан 181,6 мыңнан астам адам тұрады. 100 жастан асқан қариялар саны – 25.
Аймақтағы ең қарт тұрғын Нұра ауданында тұрады. Тұмар Ысқақова – 107 жаста. Тұмар әже Шет ауданында дүниеге келген, тұрмыс құрғаннан кейін Нұра ауданы Кертінді ауылына көшіп келген. Ол шаруалардың ауыр еңбегіне ерте жастан төселген, далада жұмыс істеп, мал баққан. Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдастарымен бірге майданға сәлемдемелер жинаған, сарбаздарға шұлықтар мен жылы заттар тоқыған.
Жұбайымен бірге екі ұл тәрбиеледі. Бүгінде жүз жастан асқан әже немерелері мен шөберелерін тәрбиелеп отыр.
Айта кетейік, Қарағандыда төрт белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.