Жаңалықтар

Қарағанды облысында тыйым салу мен айыппұл балық аулауға кедергі болмай тұр

Қарағанды облысында «Нұра-Сарысу» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы шектеу шараларына қарамастан балық аулағандарға жыл басынан 137 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырған. Оның 15-і сотқа жолданды. Сондай-ақ, 1 млн. 742 мың 25 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1млн. 587 мың теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.

 

Инспекция одан бөлек, заңсыз қолданылатын 11 балық аулау құралын, ситетикалық монофиламенттен жасалған желілер, 2 жүзу құралын, 2 көлік, 849 келі балық тәркілеген.

– Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес, балық және басқа да су жануарларының биоалуандығын түрлендіру, сонымен қатар балықтардың уылдырық шашу, балық ресурстарының табиғи өсімін ұлғайту үшін биыл 15 сәуірден 30 маусымға дейін уылдырық шашу және табиғатты қорғау акциялары өтті. Уәкілетті органның бұйрығына сәйкес, 30 сәуірден 30 мамырға дейін бекітілген балық шаруашылығы учаскелері торта, табан, алабұға, мөңке, шортан балықтарын барлық су айдындарында аулауға тыйым салды. Соған сәйкес, қайық, өзге де балық аулуа құралдарын қолдануға да шектеу қойылған болатын. Бекітілген шектеулерді бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 383-бабына сәйкес, балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ерекшеліктерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескертілді, – дейді «Нұра-Сарысу» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Мақажанов.

Жалпы, биыл Қарағанды және Ұлытау облысының су қоймаларынан 207 иесіз тор, 10 ілмекті құрал алынып, 61,05 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылғанын айту керек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button