Жаңалықтар

Қарағанды облысында «Тегін такси» акциясы бастама алды

Қарағанды облысында аяз басталысымен «Тегін такси» қайырымдылық акциясы бастама алды. Оны аймақтағы мешіттер ұйымдастырып, діни қызметкерлерді автокөлік иелері мен жанармай құю бекеттері қолдады.

– Біз «Тегін такси» және «Қолыңнан келсе, қолғабыс бол» қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Жақсылық жасап, жаныңдағыларға көмектесу керек. Біз барлық адамдарды мейірімділік пен жауапкершілікке шақырамыз, – дейді Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы.

Оның айтуынша, тегін такси облыстың қалаларында ғана емес, ауылдық жерлерде де жұмыс істейді. Акцияны жүзге жуық автокөлік иелері қолдады, ал жанармай құю бекеттерінің бірі бензинді тегін ұсынды.

Сонымен қатар, көшеде аязды күндері коммуналдық қызмет жұмысшыларына ыстық шәй таратады.         

– Барлығына рахмет. Осындай игі істер көбейе берсін. Бұл адамдарға жақсы көмек. Мен күн сайын мешітке барамын, осы аязды күндері мені үйге тегін алып келеді, – деп бөлісті 74 жастағы ақсақал Зікірия Әбдірахманұлы.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button