Қарағанды облысында полиция есірткі саудасымен айналысқан интернет-дүкен иесін ұстады
Қарағанды облысы Полиция департаменті мәліметінше, аймақта есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған жедел іс-шара барысында полицейлер ірі интернет-дүкен иесін ұстады.

Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесу бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда.
Осы бағытта жүргізілген «Қарасора» жедел операциясы кезінде Теміртау қаласында 20 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Ол интернет арқылы есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінген.
Жеке тінту барысында күдіктіден:
екі iPhone маркалы ұялы телефон,
200 000 теңге көлемінде ақша,
салмағы шамамен 2 грамм болатын ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді.
Ал тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту кезінде жалпы салмағы шамамен 100 грамм болатын ақшыл сары түсті ұнтақ салынған 51 түйіншек анықталды.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің иесі екені дәлелденді. Ол төрт ай бойы заңсыз қызметін жүргізіп, тыйым салынған заттарға төлемді криптовалюта арқылы қабылдап отырған. Сондай-ақ күдіктінің қала аумағында бірнеше «жасырын орындар» («закладка») ұйымдастырғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта полицейлер аталған қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жалғастыруда.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі



