Қарағанды облысында қос азаматтықтың 400 фактісі анықталды
Қарағанды облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы мен оның аумақтық бөлімшелері қос азаматтық фактілерін анықтау мақсатында тұрақты жұмыс жүргізуде. Мәселен, жыл басынан бері облыста басқа мемлекеттің азаматтығын алуға немесе иеленуге байланысты қос азаматтықтың 400-ден астам жағдайы тіркелген. Оның ішінде 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және шет мемлекеттің азаматтығын алған адам бұл туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе шетелдік агенттікке хабарлауға міндетті. 30 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының төлқұжатын және Қазақстан Республикасының жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Әйтпесе, 5 жыл мерзімге елден шығару және Қазақстанға кіруді шектеу немесе 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды қоса алғанда, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, – деді облыстық полиция департаменті Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Марина Тен.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ