Жаңалықтар

Қарағанды облысында 6 жасөспірім сотталды

Қарағанды облысында кәмелеттік жасқа толмаған 6 бала адам өлтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды ortalyq.kz aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотында алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен Г. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырғаны үшін айыпталған 6 жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2020 жылдың 30 мамырында сотталушылардың әрқайсысы өздерінің қатарластарынан кешірім сұрауды талап етіп, тағы бір жасөспірімді соққыға жыққан. Оның денесінен, басынан бірнеше рет ұрып-соққан. Жәбірленуші олардан кешірім сұрап, ұрып-соғуды тоқтатуын өтінгеніне қарамастан, сотталушылар әрі қарай соққыны жалғастырған. Алған дене жарақаттарының салдарынан жәбірленуші қайтыс болған.

Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, яғни оқиға болған жерді қарау, айғақтарды оқиға орнында тексеру хаттамаларымен, беттестірулер, куәлардың, сарапшының айғақтары, заттай дәлелдемелер, бейнежазба, сот-бейнефонографиялық, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Сот анықталған мән-жайларды негізге ала отырып, ҚР ҚК-нің 63-бабын («Шартты түрде соттау») қолдануға негіз жоқ деп, сотталушыларға іс жүзінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деген тұжырымға келген. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде  өтеумен 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандардан бірлесіп,  жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге моральдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Басқа материалдар

Back to top button