Қарағанды облысында 1 млн тоннадан астам астық жиналды
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласы жыл қорытындысы бойынша оң динамика көрсетіп, тұрақты даму үрдісін сақтап отыр. Өңір диқандары 1 млн 125 мың тонна астық жинап, республика бойынша жалпы астық түсімі көлемінен 4-орынға тұрақтады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өндірістік көрсеткіштер де айтарлықтай жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша Қарағанды облысы елімізде 2-орынды иеленді. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 453,5 млрд теңгеге жетсе, өңделген өнім экспорты 159,5 мың тоннаны құрады.
Су үнемдеу технологиялары қолданылған егістік алқаптарының көлемі 46,5 мың гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 132 264 гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
Бір жыл ішінде 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 143 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 1777 субъектке жалпы сомасы 22,7 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидия бөлінді.
Осакаров ауданында сыйымдылығы 2500 тонна болатын көкөніс сақтайтын қойма, Бұқар жырау ауданында сүт өнімдерін өндіретін зауыт, ал Нұра ауданында 1100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында да жүйелі шаралар атқарылуда. Қоймаларда 420 тоннадан астам өнім қоры қалыптастырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатуға арналған арнайы павильондар ашылды. Бұл фермерлерге өз өнімдерін делдалсыз, үстемақысыз тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілермен 19 мың тонна көкөніске форвардтық келісімшарттар жасалды.
Жалпы алғанда, Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының маңызды драйверіне айналып, өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі дамуын жалғастыруда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



