Қарағанды намысын кімдер қорғайды?
Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әлем көз тігіп отыр. Ұлттық спорт түрлері мен қатысушылар қатарының қалыңдығы да бір тарих болары сөзсіз. Жарнамасы да көрген жанды бірден елітіп, баурап алады. Бұл – әрине, қазақ халқының байырғы салты мен дәстүрінің байлығы. Ауқымды шараның алғашқы күндері «Астана-2024» этноауылының ашылу салтанаты өтеді. Этноауыл «Қазанат» ипподромына іргелес аумақта орналасқан. «Қазанат» – ат спортынан жарыстар өтетін бірегей мекен. Бұл күні «Астана – көшпенділердің астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, этноауылда бірегей концерттік, театрлық бағдарламалар өтеді. Оның өзі үлкен және кіші сахна болып екіге бөлінеді. Алаңда күн сайын мәдени бағдарлама көпшілік назарына ұсынылмақ. Қарағандылықтар дүбірлі доданың бұл кезеңіне де ерекше ден қойып дайындалды. Тізімде – Қарағанды облысының ең үздік кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдары. Атап айтсақ, Қазақстан эстрада жұлдыздары Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Мақпал Жүнісова және Жәмила Баспақова бастаған өнер тарландары, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлері «Пролог» қойылымымен, Қ.Байжанов атындағы КБ-нің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, «Аққу» фольклорлық хореографиялық ансамблі, солистері, «Tarlans» этно-тобы және дизайнер Муслим Жұмағалиевтің (Теміртау қаласы) этно костюмдерін көрсететін «Art line» модельдік агенттігі, «Тоқырауын толқындары» халық ән-би ансамблі (Ақтоғай ауданы), «Жарқын» халықтық хореографиялық ансамблі және «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі толық дайын.
Қарағандыдан барлығы 200 қатысушы барады. Осыған орай, 26 тамыздан бастап, С.Сейфуллин атындағы театр сахнасында концерттік бағдарламаның қорытынды дайындығы өтеді. Ал, олар «Қазанат» ипподромының алаңына 7 қыркүйек шықпақшы. Сонымен қатар, этноауылдағы мәдени бағдарламаның тағы бір ажырамас бөлігі дәстүрлі ақындар айтысы болмақ. Қарағандының бұл сайысқа үкілеген қос жүйрігі – Мақсат Аханов пен Еркеғали Бекболат.
Апта бойына әр күн сайын этноауылда 3-ші қыркүйектен бастап, Қазақстанның ең үздік шебер-қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі, олардың жұмыстары мен шеберлік сыныптары көрсетіледі. Көрмеге Қарағанды облысының 10 қолөнершісі атсалысады. Қолөнершілер былғарыдан, киізден, ағаштан, қыштан жасалған және зергерлік бұйымдарды ұсынады.
Ал, 1-5 қыркүйек аралығында этноауыл алаңында Қарағанды облысының үш бірдей ақшаңқан киіз үйі тігіледі.
– 12 қанатты ақ боз үйде облыстық өлкетану мұражайының экспонаттары қойылады. Екінші сегіз қанатты киіз үйде С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры қазақы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді танытады. Сондай-ақ, мұнда Қарағанды облысының экономика, мәдениет және спорттың түрлі салаларындағы жетістіктері топтастырылады. Біздің облыстың дайындығы өте жоғары деңгейде деп айта аламыз, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ильдар Әкімбаев.
Ильдар Рахымұлының сөзінше, бүгінгі таңда Қарағанды облысының қатысушыларын аккредиттеу үшін құжаттары тапсырылды. Дода алдындағы соңғы шеру 30 тамыз күні қаланың 45-ші орамында өтеді. Тәуелсіздік алаңы бағыты бойынша «Бірлік керуені» атты театрландырылған шеруге С. Сейфуллин атындағы театрдың актерлері, хореографиялық ансамбльдер, ат спортшылары мен бүркітшілер һәм тазылы аңшылар қатысады.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ашық дереккөзден