Қарағанды мен Теміртау тұрғындарына көгілдір отын жетті
Михайловка ауданына 170,2 шақырым болатын газ құбырлары іске қосылып, 4166 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Ал, Теміртаудағы 8-ші шағын ауданы мен «Ескі қаладағы» 1637 жеке тұрғын үйге де көгілдір отын тартылды. Бұл туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Асфат Олжабаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда Михайловка ауданындағы 348 тұрғын үй, 6 коммуналдық кәсіпорын және 3 өнеркәсіптік тұтынушы көгілдір отынға қосылған. Жыл соңына дейін Қарағандыдағы «Жаңа қала» ауданынана да газ құбыры тартылу жоспарланған. Үй басына шаққанда – 2852 жеке тұрғын үй.
– Теміртауда ұзындығы 65,6 шақырымды құрайтын газ құбыры іске қосылды. Яғни, 8-шағын аудан мен «Ескі қаладағы» 1637 жеке тұрғын үйдің ауласына көгілдір отын жетіп тұр. Қазіргі таңда оның 740-ы қосылған. Жыл соңына дейін №2, 3, 4, 5, 9А, 10 кварталына құбыр тартылып, 909 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, – деді Асфат Олжабаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz