Қарағанды картобы әлемдік нарыққа шығады
PepsiСo компаниясы 2026 жылы Алматы облысында Lay’s чипстерін шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Қазір компания жергілікті шикізат жеткізушілерін таңдау үшін Қазақстанның бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен ынтымақтастықты бастап та кетті. Солардың бірі – Осакаров ауданы, Ақпан ауылындағы «Найдоровское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Чипс сұрыпты картоп Қарағанды облысында биыл алғаш рет өсірілді. Шаруашылық басшысы Павел Лущактың айтуынша, чипс сұрыпты картоп 80 гектар сынақ учаскесінде өсірілген. Егуге арналған арнайы сұрыпты компания ұсыныпты.
– Бізге сенім артып отыр. Биыл шамамен бір жарым-екі мың тонна картоп жинап, сынақ режимінде қайта өңдеуге жібереміз. 2025 жылы да осылай болмақ. Егер біздің өнім Алматыдағы зауыт ашылғанда, барлық сапа стандарттарына сай келсе, жеткізу көлемін арттырамыз. Ынтымақтастық жұмысқа деген ынтаңды оятады. Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоп – күнделікті асханада пайдаланылатын сұрып емес. Бұл өз кезегінде сатылымды кепілдендіру екенін атап өткім келеді. Фермерлер үшін де өте жақсы нәтиже, – дейді Павел Лущак.
Ал, мұндай серіктестік тәуекеліне бірнеше жылдан бері қадам жасалып келеді. Алғашқы байланыс сегіз жыл бұрын компания елдің нарығы мен қажеттіліктерін зерттеген кезде орнапты.
Аталған компания чипстер өндіру үшін өсірілген картопты сатып алумен қатар, заманауи егіншілік технологияларын енгізуге де септігін тигізеді.
Тәжірибелі мамандар картопты отырғызудан бастап, барлық кезеңдерді мұқият қадағалайды. Соның ішінде суару, өсімдіктерді қорғау бойынша қажетті кеңестер де беріледі.
– Картоп өндірісінің өз нюанстары бар. Бәрін үйренеміз, тәжірибе жинаймыз. Ең маңыздысы – тәжірибе арттыру. Өйткені, біз үйренген технологияны барлық алқапта қолданатын боламыз. Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картопқа қойылатын талаптар қатаң, құрамында қант пен құрғақ заттардың қажетті көлемде болуын қадағалау керек. Сақтау ерекшелігі де бөлек, – деп атап өтті Павел Лущак.
«Найдоровское» ЖШС алдағы жылы 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ширек ғасырда шаруашылық ауқымды даму жолынан өтті. Бүгінде 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық дәнді, майлы дақылдарды, бұршақ дақылдарын және картоп өсіруге маманданған.
Компания картоп егумен 10 жыл бұрын айналыса бастаған-ды. Ол кезде алқаптар небәрі 70 га болса, қазір 480 га дейін кеңейіпті. Ал, өндіріс 20 мың тоннаға дейін өскен. Бүгінде картоп өнімін сақтайтын алып қойма да салып алған. Келесі жылы тағы бір қойма салу жоспарда тұр. Жоспарлары жүзеге асса, шаруашылық 50 мың тоннаға дейін картоп өсіре алады. Қазір өз өнімімен елдің ішкі нарығын қамтып отыр. Алдағы уақыттағы меже – Еуропа нарығына шығу.
Айтуларынша, биыл ауа райына байланысты егін жинау әдеттегіден кешірек, тамыз айының соңында басталыпты. Қазір жалпы 57 мың тоннаға жуық өнім жинау жоспарлануда. Астық – 35 мың тонна, картоп 20 мың тонна және екі мың тонна зығыр бар.
Өз тілшімізден
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан