Қарағанды көмірден тапшылық көрмейді
Жасыратыны жоқ, былтыр қазан туысымен «Қарағандыда көмір қат» деген дүрлікпе дүйім елді даурықтырған. «Аузы күйген үріп ішетіні» рас, биыл да сондай кеп киюден қорыққан бұқара алаңының реті бар. Десек те, жергілікті билік көмірге қатысты мәселені ала жаздан бері қатаң бақылауда ұстап отыр. Бүгінде Қарағандыда көмір тапшылығы жоқ. Бұған дейін жария етілген деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында 38 көмір сату ұйымдары бар. Ондағы көмір де жеткілікті. Көмір қоры дәл осы күні 51 мың тоннадан астам. Көмір түсіретін техника да еш іркіліссіз.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге 14 миллион тонна көмір өндірілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық көрінеді. Ал, жалпы орталықтандырылған жылуы жоқ үйлерге 745 мың тонна көмір қажет екен. Бұл үшін, жоғарыда атап өткеніміздей, көмір сатушы ұйымдарда көмір қоры бар. Тек, тұрғындар қыс қыр астында екенін ескеріп, ертерек қимылдағандары жөн. Әйтпесе, дереу күн суытқан сәтте жаппай көмір сатып алуға ұмтылып, орынсыз дүрбелең тууы мүмкін. Былтырғы жылдың «сабағы» осыны ескертеді.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысы міндетін атқарушы Ұлантай Үсеновтің айтуынша, бүгінде Қарағандыда көмір тапшылығы жоқ және болжанбайды да. Көмір саудалайтын орындарда әр түрлі көмір қоры сұранысты қанағаттанарлықтай деңгейде.
Ұлантай ҮСЕНОВ, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысы міндетін атқарушы:
– Бүгінгі таңда облыс бойынша 38 орында көмір саудалануда. Көмірдің бағасы сапасына қарай тоннасы 9-15 мың теңге аралығында. Сатылым орындарындағы қор 51 мың тоннаны құрайды. Мұнда түрлі көмір бар. Атап айтқанда, Шұбаркөл, Бөрлі, Кузнецк, Қушоқы көмірі. Олардың бағасы да сапасына қарай. Әрине, тұрғындар сапалы көмір алғылары келеді. Ол сапалы көмірдің де бағасы өзіне сай. Жалпы, көмірде таңдау көп. Қала-аудан әкімдеріне облыс әкімі та рапынан аудандарға көмір тасымалдау үшін көліктер санын арттыру туралы тапсырма берілді.
Сонымен қатар, Ұлантай Төлеутайұлы көмір көпшіліктің көп қалайтын көмірі «Шұбаркөлдің» биыл 300 мың тоннаға артық өндірілгенін де атайды. «Шұбаркөл» болса, бұқараның сұранысын толықтай өтеуге қауқарлы. Яғни, халық қай көмірге қол созса да, жеткілікті.
Естеріңізде болса, өткен жылы көмір өндіруші компаниялар көмір тапшылығының туындауына тасымалдың себеп болғандығын атаған-ды. Яғни, вагондардың кемдігі көмір жеткізуде кері ықпал еткен-ді. Деректер шұбаркөлдік көмір тасымалы үшін вагондардың экспедиторы және операторы болып табылатын «Транском» ЖШС биыл 2600 арнайы шағын вагон сатып алғандығын айтады. Оған қоса, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» вагондардың тапшылығы орын алмағандығын және жылжымалы составтың қаттығы болмайтындығын да атаса керек.
Олай болса, көмірдің үстінде отырып, көмірсіз қалу қаупі жоқ. Құзырлы орындар соған сендіріп отыр. Ендігі әрекет бұқараға байланысты. Күздің қара суығына ұрынбай, қазірден бастап қамданса, қапы қалмайды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»