АймақҚарағанды

Қарағанды – IT-инновация орталығы

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов аймақтағы цифрлық даму, IT-жобаларды қолдау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағыттарындағы жұмыстармен танысты. Сапар барысында депутат бірқатар маңызды кездесу өткізді.
Сапардың басты мақсаты – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын аймақта іске асыру барысын бағалау, IT-саланы дамыту мәселелерін талқылау және цифрлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне көз жеткізу болды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Цифрлық даму драйвері

Сенатор Серік Өтешов ең алдымен Қарағанды қаласының орталығында орналасқан, өңірдің басты цифрлық хабы саналатын – Terricon Valley орталығына ат басын тіреді. Аталған хаб 2021 жылдың сәуірінде құрылып, үш жыл ішінде Қарағанды облысының технологиялық экожүйесін дамытудың іргелі алаңына айналып отырғанын атап өткен жөн.

Terricon Valley – бұл IT-компаниялар мен стартаптар шоғырланған кеңістік қана емес, сонымен қатар, инновациялық идеялардың жүзеге асуына жол ашатын ауқымды платформа. Мұнда акселерация, инкубация, білім беру, комьюнити-дамыту және инвестиция тарту процестері бір жерде шоғырланған.
Хаб директоры Сабыр Ниязов сенаторға өңірлік экожүйенің қазіргі жағдайы және даму жоспарлары туралы кеңінен баяндады.

«Біздің мақсатымыз – Қарағандыны Қазақстанның цифрлық хабтарының біріне айналдыру. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында біз 30-дан астам іс-шара өткізіп, 1 700-ден астам қатысушыны қамтыдық. Акселерация мен инкубация бағдарламалары арқылы 42 стартапқа нақты қолдау көрсеттік. Бұл – үлкен жетістіктің басы ғана», – деп атап өтті Сабыр Ниязов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Terricon Valley 2025 жылдың соңына дейін 100-ден астам IT және Digital іс-шара өткізіп, 10 000-нан астам адамды қамтуды, 250-ден астам стартапты қолдауды, 100 млн теңгеден астам грант және венчурлік инвестиция тартуды, бизнес-ангелдер клубы негізінде венчурлік қор құруды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Terricon Valley бүгінде халықаралық деңгейде танылуға ұмтылуда. Хабтың негізгі мақсаттарының бірі – StartUpBlink жаһандық рейтингінде TOP-400 стартап-экожүйелер тізіміне ену.

Terricon Valley-ге сапар аясында Серік Өтешов өңірлік IT-сектор өкілдерімен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар Қарағандыдағы интернет инфрақұрылымын кеңейту, стартаптарға қолдау көрсету тетіктері, цифрлық құзыреттілікті арттыру, жастардың IT-білім алуына жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Сенатор Terricon Valley-дің қызметіне жоғары баға беріп, оның маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Terricon Valley – бұл тек Қарағанды облысының емес, бүкіл еліміздің цифрлық серпілісінің айғағы. Мұнда жастардың креативті идеялары нақты өнімге айналып жатыр. Мұндай орталықтар – Мемлекет басшысының цифрландыру саясатын өңірлерде нақты іске асыруға мүмкіндік беретін күшті құрал. Біз осы тәжірибені өзге аймақтарға үлгі етуіміз қажет, – деді депутат.

Цифрлық теңсіздікті еңсерудің жолы

Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий өңірдегі цифрландыру саясаты бойынша нақты мәліметтер беріп, жүзеге асып жатқан жобалармен таныстырды.

Қазіргі қоғамда интернеттің болмауы тұрғындарды өмірлік маңызы бар қызметтерден – білім, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерінен шектейді. Бұл мәселе, әсіресе, ауылдық жерлерде өзекті.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының басты мақсаты – ауылдық өңірлерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, цифрлық теңсіздікті жою және баршаға бірдей мүмкіндіктер қалыптастыру.

Облыста барлығы 342 ауылдық елдімекен бар, олардың 248-і интернетке қосылған. Қазір 144 ауылда тек сымды интернет болса, 206 ауылда мобильді интернет қолжетімді. Ал, 94 ауыл интернетке қосылмаған, оның ішінде, 20 ауыл тек 2G желісімен ғана шектелген.

Басқарма басшысы Константин Ильницкий бұл туралы кеңірек айтып берді.

– Интернетке қолжетімділік – әлеуметтік, экономикалық және мәдени даму көрсеткіші. Ауыл тұрғындарының цифрлық кеңістікке енуі олардың өмір сүру сапасына, білім алуына, жұмыспен қамтылуына және жалпы жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Біз бұл мәселелерді кешенді түрде шешуге кірістік. 2025 жылдың соңына дейін облыстағы 336 ауыл интернетпен қамтылады. Бұл – 204 мың тұрғынның өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал, 2027 жылға дейін тағы 97 ауылға интернет тартылып, қосымша 151 мың тұрғын цифрлық инфрақұрылымға қол жеткізеді, – деді ол.

Айта кетерлігі, мемлекет ауылдарға интернет тарту үшін байланыс операторларына субсидиялар ұсынып отыр. Бұл механизм инфрақұрылымды тартудағы экономикалық кедергілерді жеңуге көмектесуде.

Қала тұрғындары үшін 5G желісінің енгізілуі ерекше маңызға ие. Қарағанды қаласында бүгінде 52 базалық станция орнатылып, 5G желісі толық іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 45 станция орнату жоспарланған. Бұл қадам бизнес, білім және цифрлық қызмет көрсету салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халыққа қызмет көрсетудің жаңа кезеңі

Terricon Valley-ден кейін сенатор Қарағанды облысының мемлекеттік және сервис қызметтер орталығының жұмысымен танысты.

Алдымен, орталықтың ішкі құрылымына баса назар аударды. Сенаторға бірінші қабатта орналасқан диалог алаңы – облыс әкімінің азаматтарды қабылдайтын кеңістігі мен полиция департаментімен бірлескен «Отбасыға көмек көрсету орталығының» жұмысы көрсетілді. Бұл бөлімдер тұрғындармен ашық қарым-қатынас орнатуға және әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге бағытталған.

Сонымен қатар, делегация екінші қабатта орналасқан бірқатар әлеуметтік бағыттағы бөлімдердің қызметімен танысты. Атап айтсақ, еңбек мобильділігі орталығының жұмыспен қамту саласындағы қызметтері, жастар ресурстық орталығының жас буынға арналған бастамалары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнет жасындағы азаматтарға қолдау көрсетудегі маңызы назарға ұсынылды. Бұл орталықтар тұрғындардың әртүрлі жас санатына бағытталған кешенді қызмет ұсынумен ерекшеленеді.

Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс барысы да тыс қалмады. Мұнда автокөлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру сияқты қызметтер «Бір терезе» қағидатымен ұсынылады. Орталықтың заманауи жабдықталған инфрақұрылымы, цифрлық шешімдер арқылы қызмет көрсетуді жеделдету мен жеңілдету мүмкіндігі сенатор тарапынан жоғары бағаланды.

 

Ауылдағы интернетті жүйелі бақылау өзекті

Облыс аумағындағы жол желілерінде мобильді байланыс сапасына жүргізілген мониторинг көрсеткендей, бірқатар бағыттарда әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ. Атап айтқанда, «Қарағанды-Балқаш» бағытындағы шамамен 400 шақырымдық автожолдың 225 шақырымнан астам бөлігі мобильді байланыссыз. «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы 220 шақырым жолдың 28 шақырымында да ұялы байланыс қызметтері көрсетілмейді.

Жыл басынан бері облыс әкімдігіне тұрғындар тарапынан мобильді байланыс пен интернет сапасына қатысты 18-ге жуық шағым түскен. Бұл өтініштердің бір бөлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетіне жолданып, техникалық тексеру жүргізу тапсырылған. Ал, қалған шағымдар бойынша байланыс операторларынан алынған ақпарат негізінде ресми жауап берілді.

Ауылдық елдімекендерде сапалы мобильді байланыстың болмауы – халықтың күнделікті өмір сапасына, цифрлық қызметтерге қолжетімділігіне, сондай-ақ білім мен денсаулық сақтау салаларындағы цифрлық шешімдердің тиімді қолданылуына кедергі келтіреді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыс бойынша 100-ден астам географиялық нүктеде, оның ішінде, бірнеше ауылдық елдімекенде, тұрақты немесе толықтай ұялы байланыс жоқ.

Байланыс сапасын бақылауға қатысты негізгі проблеманың бірі – жергілікті атқарушы органдардың құқықтық және техникалық мүмкіндіктерінің шектеулігі. Атап айтқанда, қазіргі уақытта жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың байланыс операторларына тікелей реттеушілік ықпал ету немесе оларды жедел шара қабылдауға міндеттеу өкілеттіктері қарастырылмаған. Бұл өз кезегінде шағымдарға уақытылы жауап беруге және анықталған кемшіліктерді жоюға кедергі келтіреді.

Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2024 жылғы 5 шілдеде «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті түзетулер енгізіліп, ол 2024 жылдың 14 шілдесінде күшіне енді. Бұл түзетулерге сәйкес, байланыс қызметтерінің сапасын бақылау функциялары орталық уәкілетті органнан – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен жергілікті атқарушы органдар деңгейіне берілді. Бұл – байланыс сапасын бақылауда маңызды қадам.

Алайда, аталған заңнамалық өзгерістерге қарамастан, қазіргі таңда жергілікті органдар байланыс операторларын әкімшілік жауапкершілікке тарту тетіктеріне ие емес. Себебі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне (ӘҚБтК) қажетті өзгерістер енгізілген жоқ. Бұл заңнамалық олқылық жергілікті органдардың тиімді бақылау жүргізуіне кедергі болып отыр.

Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізу бастамасын көтеру – аса өзекті. Бұл шара жергілікті атқарушы органдарға нақты өкілеттіктер беріп, ұялы байланыс сапасын бақылау, жүйелі мониторинг жүргізу және байланыс операторларының міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Түйін

Қарағанды облысы бүгінгі таңда цифрлық даму мен инновациялық серпіннің нақты алаңына айналып келеді. Сенатор Серік Өтешовтің сапары – бұл үдерістердің елдік маңызына көз жеткізуге бағытталған жауапты қадам болды. Terricon Valley-де бой көтеріп келе жатқан стартаптар мен жаңа технологиялар, шалғай ауылдарға дейін жетіп жатқан интернет, мемлекеттік қызмет көрсетудің заманауи форматы – мұның барлығы қарапайым халықтың өмірін жеңілдетуге, елдің цифрлық теңдігін қалыптастыруға бағытталған нақты нәтижелер.

Бұл сапар өңірдің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, алдағы мақсаттарға нақты бағдар сілтеді. Қарағандыда басталған өзгерістер – Қазақстанның цифрлық болашағының берік іргетасы. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, басқа облыстарға үлгі боларлық жетістікті жалғастыру.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button