Бас тақырыпМедицина

Қарағанды емханаларында қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізілуде

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өткен жылдың күзінде қалалық емханаларға тосыннан барып, емханалардағы қызмет көрсету сапасын сынға алған болатын. Барлық жердегі толассыз кезекті көріп, дереу арада қызмет сапасын қолға алуды тапсырған.

Суреттерді түсірген: Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгін аймақ басшысына №3 емхана осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді.

Бүгінде № 3 емханада пилоттық жоба ретінде «Үздік тәжірибелер орталығы» құрылды. Мұнда жайлы күту аймақтары, пациенттерді қолдау кабинеті пайда болды. Онда шағымдар мен туындаған барлық мәселелер «осында және қазір» қағидаты бойынша жылдам шешіледі. Жаңа жүйе пациенттерге сапалы қызмет көрсетуге және көпсалалы тәсілге негізделген. Жаңа жобалардың бірі – «Пациенттердің көзімен алғашқы 5 минут» деп аталады. Бұл тәсіл келген адамдардың ағынын реттеп, кері байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.

— Қамқоршы медбикелермен және әлеуметтік қызметкерлермен жүздестім. Олар өз жұмысының ерекшеліктері мен мәселелері туралы айтты. Шынымды айтсам, жүргізіліп жатқан жұмыстар ауқымы мені таңқалдырды. Бұл өте маңызды және жауапты жұмыс. Медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер – өз ісінің нағыз шеберлері. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, медицина және әлеуметтік қызметкерлерге олардың еңбектері мен тұрғындарымыздың денсаулығын сақтауға қосып жатқан үлестері үшін алғыс айтқым келеді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.


Сонымен қатар, пациенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылады, өйткені орталықтар отбасылық медицинаға бағытталған. Тағы бір қарастырылатын аспект – халықтың медициналық сауаттылығын арттыру. Бұл үшін дұрыс тамақтану, алғашқы медициналық көмек және т.б үйрететін денсаулық мектептері ашылды.

Бұл тәжірибе алғашқы медициналық – санитарлық көмекті реформалауға көмектеседі. Алдағы уақытта мұндай орталықтар облыстың барлық емханаларында енгізілетін болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button