Қарағанды балетін қарыштатқан

 

        Қарағанды балет өнерінің негізін салушы балетмейстер Валентина ИПАТОВА есімін екінің бірі біле бермейтін шығар. Кеншілер шаһары былай тұрсын, кезінде
Кеңес үкіметіне даңқы жеткен атақты балетмейстер-педагогтың 100 жылдығына байланысты «Сарыжайлау» кинотеатрында портреттік кеш өтті.

Біртуар Валентина Филиповнаға белгілі дегеннен гөрі, әйгілі деген анықтауыш лайық сияқты. Бұрын біз есімін ілу де шалу естіп қалушы едік. Сөйтсек, Қарағандыда балет өнерін дамытып, аяққа тік тұрғызушы тұлғаның бірі емес, бірегейі екен. Ол Қарағандыға келген 1948 жылға дейін мұнда балет өнері болған, болмағанын білмеймін. Бірақ, кеншілер шаһарында балет өнері тек Ипатованың келуімен жандана түскен. Тіпті, 1952 жылдардан былай Кеншілер мәдениет сарайын балет театрына айналдырып жібере жаздаған ол. Аталған сарайда жетекшілік еткен хореографиялық ұжымы «Халықтық балет театры» деген мәртебеге ие болады да, Мәскеудегі Кремль театрында өнер көрсетеді. Жұрт Ипатова қойған Асафьевтың «Баһчисарайский фонтанын» сахнадан түсірмей, төрт қайтара тамашалайды. Мәскеудің сол кездегі беделді басылымдары Ипатова мен оның балериналары туралы жарыса жазып, Қарағанды балет өнерінің атын әлемге әйгілейді. Аталған балетті сахнада алғаш қоюшы, профессор Р.Захаровтың өзі аузын ашып, көзін жұмғаны сонша, орыстың атақты газеті «Известияға» көлемді рецензия жазып, жоғары бағаласа керек. Тиісінше, еңбегі еленген Ипатова осы жолы ҚазССР-ның еңбек сіңірген әртісі атағын алса, кейіннен «Ленин» орденімен марапатталады. Сөйткен Қарағандының «Халықтық балет театры» қайда қазір? Ипатова жоқтан құрап, жаһан жұрты алдына шығарған деседі. Ол заманда…
18 сәуір – дәл Ипатованың туғанына жүз жыл толған күні өткен портреттік кеш ескі түсірілімдерде қалған Валентина Филиповна қойған балеттердің көрсетілуімен ашылды. Өрім-өрім мың ырғаққа майысқан балерина не, айдында тербелген аққу не – бір құбылыстай. Ипатова Чайковскийдің атақты «Аққулы көлін» қойғанда, Алматыдағы Абай атындағы опера-балет театрының балетмейс­терлері таң қалып, тағы да үш қайтара сұраған көрінеді. Сол күндердің елесіндей ескі бейнетүсірілімдерден Ипатованың бұлт үстінде билеп жүргені, кімді болсын керемет әсерге қалдырғандай еді. Әйгілі балетмейстер жайында аяулы сөзді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова ұштады.
– Қарағанды балет театрының негізін салған Валентина Ипатованың мерейтойы – сұлулықтың, сұлулықты паш еткен көркем өнердің тойы. Бұл кісі қарапайым ұл-қыздардан керемет-керемет кәсіпқой өнерпаздар тәрбиелеп шығарып, Қарағанды балет өнерін қарыштатып әкетті кезінде. Қазір қарасақ, ол кездер – Қазақстандағы жалғыз «Халықтық балет театрының» алтын уақыты екен. Бұл уақыт өңіріміз бен еліміздің тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз, – деген Рымбала Кенжебалақызы балетмейстер тұрған үйге орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылуы кезіндегі оқиғаларды да есіне алды.
Валентина Филиповна тұрған С.Ерубаев көшесіндегі 26-үйдің қабырғасына оған арналған ескерткіш-тақта балетмейс­тер шәкірттерінің бастамасымен орнатылса керек. Қазір Қарағандыда қанша хореограф я балетмейстер, балериналар жүрсе, солардың бәрі – осы Ипатованың шәкірттері немесе шәкірттерінің оқушылары. Портреттік кешке жиналған шәкірттерінің өзі қартаюға айналыпты. Олардың әрқайсы ұстаздарын қимастықпен еске алып, естеліктер айтты. Арасында Ипатова қойған балеттерден ескі түсірілімдер көрсетіліп отырды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.