«Қарағанды-Балқаш» күре жолы: сапа сын көтере ме?
Қарағанды мен Балқаштың екі арасында жүрген жолаушылардың əңгімесі – жолға қатысты. Құрылыс жұмыстары басталғалы бері екі қала арасында қатынайтын такси бағасы күрт қымбаттаған. Одан қалаберді, айналма жол мен күрелген асфальттың салдарынан жол ұзарғаны тағы бар.
Содан бері төрт жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының шамамен 80%-ы тəмам. Бұрынғыдай емес, осы күні бұқараның əңгімесі өзгерді. «Қанша өтсек те, жол бойында жұмыс істеп жатқан бригадалар көрінбейді» дейді. Ал, жоспар бойынша жол жыл соңында толық пайдалануға берілуі керек. Жөндеу жұмыстарын көзбен көріп қайту үшін жоба жетекшісі Абзал Сағынтаевпен Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылына дейін барып қайттық. Шет ауданының орталығына дейін 121 шақырым еді. Қазір жаңа жоба бойынша жол 118 шақырымға қысқарды. Біз мүмкіндігімізше жұмыс барысында жүрген азаматтармен пікір алмасып көрдік.
Күре жол Құрма мен Жұмабек ауылының үстінен өтпейді
Екі қаланың арасы сегіз учаскеге бөлінген. Оның үшеуі Ақсу-Аюлы ауылына дейін. Жалпы жобаның бас мердігері – қытайлық CITIC Construction Co., LTD компаниясы. Ал, осы бір үш учаскеге Sine Midas Stroy компаниясы жауапты. Сонымен қатар, Ақсу-Аюлыдан Ақшатауға дейін тағы 40 шақырым жол осы компанияға тиесілі. Сапар барысында Шет ауданының орталығына дейінгі аралықта атқарылып жатқан жұмыстарға куə болдық.
Қарағандыдан шығаберістегі МАИ бекетінің əр жағындағы шағын көпірді жолаушылар жақсы біледі. Сонау жылдары құрылыс жұмыстарын «Осы көпірден бастайды» деп күткеніміз рас. Жөндеу жұмыстары биыл толық біткенімен, бұл көпір əлі сол қалпында тұр.
Аталған компанияға тиесілі бірінші учаске осы көпірден кейін басталады. Яғни, 6:20 пикет – қалалық учаске ретінде саналады. Ал, Соқыр өзеніне дейінгі ұзындығы екі шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы бұларға қарамайды. Бұл көпірді осыдан бірнеше жыл бұрын басқа компания салған. Осы айналма жолдан кейін бірінші учаске жалғасады. Əр пикеттің арасы – 100 шақырым.
«Saryarqa» əуежайына айналма жол арқылы қатынап жүрміз. Жаңа жобада бұл көпір сүріліп тасталады. Көпірдің орнына төрт жолақты жол төселіп, бағдаршамдар қойылады. Бұл – ертеңгі күннің еншісіндегі жұмыстар. Əзірге жобаның сметалық құжаттары əзірленуде.
– Бірінші учаске бойынша жөндеу жұмыстары 80%-ға орындалған. Ірі түйіршікті асфальт жабыны толық аяқталды. Тек, беткі жабынына қиыршық тасты мастикалық асфальт төсеу ғана қалып тұр. Бұдан соң жолды қолданысқа беріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Яғни, жол белгілері, қар ұстайтын арнайы қалқандар мен мал қоршаулары орнатылады. Жолды ашсақ, əрі қарай абаттандыру жұмыстары жүре береді, – деді жоба жетекшісі Абзал Сағынтаев.
Бұдан былай жол Құрма мен Жұмабек ауылын басып өтпейді. Осы бір аралықты картадан қарайтын болсаңыз, айналма жол екендігін бірден байқайсыз. Бұдан былай, жаңа жол Құрмаға жетпей, сырт айналып, Спасск бұрылысынан төтесінен түседі. Осылайша жол қысқарған. Одан бөлек, ел ішінде «Топарки» аталған қыстақ үстімен өтетін айналма жол да тікесінен түсетін болды.
– Жоба бойынша жаңа жол ешқандай елді мекендерге соқпауы тиіс. Əрі барынша түзу болуы шарт. Ал, Құрма мен Жұмабек ауылының жолы алдын ала жоспарланған. Бұл жолдың да бетіне қиыршық тасты мастикалық асфальт төселмеді демесеңіз, жөндеу жұмыстары толық аяқталып тұр. Жолды толық қолданысқа бермейінше, ашпаймыз. Ескі жол ауылға апаратын жол ретінде қала береді. Бұған дейінгі айналма жолдар біршама шақырымға қысқарды, – деді Абзал Есенбайұлы.
Айналма жолдар күреледі
Спасскке дейін бірінші учаскенің шекарасы аяқталады. Яғни, екінші учаске басталады. Спасскінің бұрылысынан кейін үлкен дөң бар. Компания сол дөңді жарып, ортасына төрт жолақты күре жол төседі. «Автомобиль жолдары туралы» Заңға сəйкес жол барынша тақтайдай түзу болуы тиіс. «Бұл – жолаушылардың қауіпсіздігіне керек» дейді мамандар.
Бұл учаскедегі Көкөзек көпірінің үстіне «Техноэластмост» жабыстырмалы гидрооқшаулағышын төсеуде. Бұл – асфальт алдында төселетін материал. Қара қағазды отқа қыздырып, алдын ала тазартылған көпірдің үстіне жабыстырады. Бұның үстінен биіктігі жеті сантиметр кеуекті асфальт төселіп, қиыршық тасты мастикалық асфальт жүргізіледі.
– Бұл – төрт жолақты жаңа көпір. Ескісі екі жолақты еді. Оны бұзып, жаңадан салдық. Қаладан шыққандағы бізге тиесілі екінші көпір. Бұған дейінгі Соқыр өзені көпірінің құрылысы толық біткен, – дейді Абзал Есенбайұлы.
Жалпы, екінші учаскедегі жөндеу жұмыстары 75%-ға аяқталған.
Алып бульдозер – жұмыс күші
Шет ауданына дейін төрт көпір жəне ауыл шаруашылығы техникасы өтетін 14 арнайы көпір бар. Соқыр, Көкөзек, Қызылқой өзенінен өтетін көпірдің құрылысы толығымен аяқталған. Ал, Нұраталды өзеніндегі көпір 50 пайыз дайын.
Ауыл шаруашылығы үшін салынған көпірдің жетеуі бірінші учаскеде, қалғаны екіншісінде. Бүгінде 12 арнайы көпірде жұмыс мəреге жеткен. Тек, əр учаскеде аяқталмаған бір көпірден қалды.
Зейнолла Түсіпбеков екінші учаскедегі жол өтпесін салу жұмыстарында жүр. Таңның атысы, кештің батысы америкалық Cat «D6R2» маркалы бульдозерінде. Өзі Қарағандының тумасы екен. Отбасы қалада тұрғанымен, жұмысына байланысты үйіне көп бара алмайды. Мұндағы əр адамның жұмысы бір-біріне тығыз байланысты. Егер, біреуі жұмыста болмаса, орнына істейтін адам табылмаса, жұмыс тоқтап қалады. Əсіресе, Зейнолла Бейсенұлы секілді алып көлікті жүргізетін маман табыла бермейді.
– Жол бойында жүргеніме бес жыл. Əуелі жөндеу жұмыстары Теміртау қаласынан басталған. Сол уақыттан бері осы бульдозерден түспедім. Қазір біз ауыл шаруашылығы техникасы өтетін арнайы көпір салып жатырмыз. Əркім өзіне тиесілі жұмысты біледі. Мəселен, өз басым, маңайымның бəрін нөлдік градуста теңестіріп кетуім қажет. Қар суы тұрып қалмайтындай жаю – менің міндетім. Осы жұмысымды аяқтасам, келесі объектіге барып, өзіме тиесілі жұмысты атқарып кетемін.
Алып бульдозерді тізгіндеу оңай емес. Əрі рабайсыз. Мұндайда ептілік қажет. Батпаққа тұрып қалмай, кірген жеріңнен кері айналып шығу сіз ойлағандай оңай емес. Америкалық бульдозер қытайдыкіне қарағанда анағұрлым жеңілірек. Бірнеше батырмамен ғана басқарасың, – дейді Зейнолла Бейсенұлы. Дегенмен, əр жұмыс тың өзіндік қиындықтары да бар.
Ауыл шаруашылығы техникасына арналған жол өтпесінің биіктігі – 6 метр, ені – 22 метр, ұзындығы – 32 метр. Жоба жетекшісі жөндеу жұмыстары толық айдың соңына дейін аяқталады деп отыр.
Биіктігі 15 метр дөң қақ жарылды
Уақытты көп алатын жұмыстардың бірі – жару жұмыстары Шетке дейін екі ірі дөңді жарып, ортасынан жол салған. Біріншісі, бірінші учаскедегі Спасскінің маңайындағы дөң болса, екіншісі Ақсу-Аюлы ауылына таяу тұста. Ауылдан шамамен 10 шақырым жердегі үлкен бұрылыс күреледі. Оның орнына жаңа жол дайын. Бұған дейін үлкен дөңді айналып өтетін жол стандартқа сəйкес болмағандықтан, биіктігі 15 метрлік болатын дөңді қақ жарып өткен.
– Бір емес, бірнеше дөңді қақ жарып өттік. Ең қиыны осы жер болды. Таудың тасы қатты. Əрі оңай ырқыңа көне қоймайды. Əуелі жару жұмыстарын жүргізіп, артынан бұрғыладық. Жұмыстардың бəріне бір маусым кетті, – дейді Абзал Есенбайұлы.
Нұраталды көпірі – үлкен көпірдің бірі
Нұраталды өзенін арнасынан бұрып, көпірдің екінші бөлігін тұрғызу үшін жерге қада қағылған. Бір бағыты былтыр қолданысқа берілген. Қада қағылған соң қаңқалары салынып, үстінен бетон құйылады. Бетон қатқаннан кейін оны тегістеп, іргетасы құйылады. Əрі қарай басқа құрылымдары кезекпен іске асады.
– Маған бірінші жəне екінші учаске тиесілі. Менің міндетім – бетонның сапасына, қаданың қағылған тереңдігіне, құрылыс материалдарының сапасын қадағалау. Жұмыстар тек нормативтік құжаттарға ғана емес, барлық талапқа сəйкес келуі шарт. Сонымен қатар, тек көпірдің сапасын ғана емес, жолдың, асфальттың сапасын да қадағалаймын. Жоба бойынша қағылатын қада 14 метр тереңдікте болуы керек. Бірақ, астында іргетасы болғандықтан тағы екі метр төмен түсіреміз. Бұл – дəл ортасындағы қаданың тереңдігі. Ал, бері қарайғы қадалар тоғыз, жеті метр тереңдікте, – деді инженер-зертханашы Өркен Тынов.
Нұраталды көпірі – осы аймақтағы ірі көпірлердің бірі. Көктемде өзен арнасынан тасыған уақыттағы су мөлшеріне қарай арнайы əзірленген. Демек, көпірді су баспақ емес. Əрі көпір су қысымына барынша төзімді етіп жасалған. Сонымен қатар, тонна басатын көліктер де көпірге ауырлық етпейтін көрінеді.
Бүгінде аудан орталығына дейінгі жолдың кейбір бөліктеріне жол жиегіне геотор төсеуде. Бұл – су шайып кету қаупі бар жерлерге арнайы төселетін материал. Жаңа асфальтты дала суы, қар суынан сақтау үшін арнайы жол жиегіне төселеді. Одан əрмен көтерілген топырақты су шайып кетпеуі үшін қайта нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін жөндеу жұмыстарына қажет тасты карьерден алып келген. Жөндеу жұмыстары басталмас бұрын аудан орталығына дейін сегіз карьер ашылған. Жоба бойынша оның тек жетеуі қолданылыпты. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталғаннан кейін үш карьердің беті жабылған. Қалғаны жол толық қолданысқа берілгенде күреледі. Қалған жұмыстардың басым бөлігі Шет ауданына таяу болғандықтан, екінші учаскедегі екі карьерді іске жаратып отыр.
Жұмысшыларға арналған база бар
Жұмыскерлер үшін арнайы 2 база салынған. Екеуінің де сыйымдылығы – 100 адам. Басты база – Үштөбе ауылының бойындағы Шығыс айналма жолының үстінде. Екіншісі Ақсу-Аюлы ауылының іргесінде орналасқан. Бүгінде барлық қызметкерлер екі базаға теңдей бөлінген. Тасымалдайтын көліктері де бекітілген. Əр баз а асхана жəне арнайы отыратын кеңсемен жабдықталған.
Аудан орталығында асфальтбетон, қоспа араластыратын, ұсақтау жəне іріктеу зауы ттары орналасқан.
Жолдың бетіне төселетін үшінші жабын осы асфальтбетон зауытында дайындалады. Бұл зауыт сағатына 140-160 тонна өнім өндіреді. 21 см болып төселетін жолдың екінші қабаты қоспа араластыратын зауытта үгітіледі. Цемент пен күл, шлакты осы аппаратқа салады. Бұл аппарат сағатына 50 тонна қоспа дайындап шығарады.
Ал, ұсақтау жəне іріктеу зауыты қалдық заттар мен карьерден шыққан тастарды үгітеді. Ол жолдың топырақтан кейінгі бетіне төселеді. Зауыттың қуаты – сағатына 200 тонна өнім.
– Жол сапалы болса, жолаушы азап тартпайды. Бірақ, кейбір мекемелер технологияны сақтамайды. Мəселен, жаңа салынған асфальт уақыт өткеннен кейін шашылып қалып жатқанын көреміз. Себебі, технологиясы дұрыс емес. Мысалы, асфальтты нығыздайтын көлік шарт бойынша сол жерден сегіз мəрте өтуі шарт. Ол болса, төрт мəрте ғана жүріп өтеді. Салдарынан асфальт дұрыс тығыздалмай, көлік ағымына шыдас бермейді. Сондықтан, технологияны қадағалап жүретін маман осыны ескеруі керек. Біз осы дүниенің бəрін назарда ұстадық, – деді Абзал Сағынтаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz