Қарағанды қаласының жылу желілерін жөндеуге бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді
Қарағандыда жылу беру маусымы аяқталысымен «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастамақ. Кәсіпорын биылғы жазда қанша шақырым жылу желісін жөндеу және қайта құру жоспарланып отырғанын айтты. Осылайша, 2024 жылдың жазында компанияның тарифтік қаражаты есебінен, сондай-ақ бөлінген бюджет қаражаты есебінен қаланың жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Тарифтік қаражат есебінен 12 шақырым жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2024 жылға арналған ағымдағы жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары бойынша арнайы жоспар бекітілді. Жазда қалада бюджет қаражатына жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға тапсырыс беруші «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ, – деп хабарлады «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ