Руханият

Қарағандыға деген махаббат

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай «Абстракты әлемінен қолжетімді ештеңе жоқ» тақырыбындағы көрме ашылды. Латвиялық суретші Валентин Даниленконың аталған жеке көрмесі 30 маусымға дейін жалғасады. Көрменің ашылуына қатысып, суретшінің мұражай қорында сақтаулы тұрған туындыларымен танысудың сәті түсті…

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мұражай қорында Валентин Даниленконың 33 туындысы бар. Өнер иесінің мұражаймен шығармашылық байланысы 12 жыл бұрын басталған. Қордағы 33 жұмысы оның Қарағандыдағы алғашқы жеке көрмесіне қойылды.

Валентин Даниленко – Латвия Суретшілер одағының және Санкт-Петербург Суретшілер одағының мүшесі. 1980 жылдан 1983 жылға дейін Рига өнер академиясында көркем дизайн мамандығы бойынша оқыған. Валентин 1988 жылдан бастап, Латвиядағы көрме жұмыстарына жетекшілік етеді. Сондай-ақ, қазақстандық әріптестерінің жұмысын шетелде танымал етуге ықпал етіп жүр.

Алматыда бірнеше жылдан бері тұратын қарағандылық суретші, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі Лидия Дроздова, Латвия мәдениеті мен өнерінің Қазақстандағы ресми өкілі екенін айта кеткен жөн. Валентин Даниленко Қарағандыға өзі келе алмағандықтан Лидия Дроздова көрмеде оның ресми өкілі қызметін атқарды.

– Біз Валентинмен 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қарым-қатынасымыз әлеуметтік желіден басталды. Солай достасып кеттік. Кейін олар Қазақстанның өнерін шетелде таныту бағытында ынтымақтастықта жұмыс істей бастады. Валентин осы көрмені армандайтынын айтып еді. Енді арманы орындалды. Коронавирус пандемиясына дейін де үлкен жобалармен жұмыс істедік. Бір күні Валентин күйеуім Игорь Гущин екеумізді Рига қаласына Қазақстан өнерін қолдаушыларының ортасын қалыптастыруға шақырды. Мен ондағы көрмеде өзімнің жеке жұмыстарымды көріп, қатты таң қалдым. Валентин Қазақстанның өнерін насихаттағысы келіп, картиналар мен фотосуреттері арқылы екі халықты жақындатуды ойлаған. Сосын қазақ суретшілерінің туындыларын түпнұсқада ол жақтың аудитория­сына ұсыну үшін көмектесуге уәде бердім, – деп бөлісті Лидия Дроздова.

Кейін Алматыға оралған Лидия Дроздова «Балтық бойы халықаралық академиясына өз туындысын кім сыйға тартқысы келеді?» деген сұрақпен қалалық мұражайларға жүгініп, нәтижесінде 54 жұмыс жиналыпты. Тізімге кескіндеме, графика, литография және акварель сынды бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы туындылар кірген. Авторлар арасында қарағандылықтар Ақлима Мәрденова, Алтын Қисадинова, Ерсін Темірғалиев, Галина Коломенская, Виктор Арент, Жанат Комутов бар. Ал, Еуропада олардың жұмыстары қойылған 10-нан астам көрме өткен. Валентин Даниленко Қазақстанның, оның ішінде, Қарағандының өнерін шетелде насихаттауға осылай атсалысуда.

– Көрмеге қойылған Валентиннің жұмыстары түрлі жанрлар мен техникада орындалған. Арасында қазіргі кезде сирек кездесетін түрлі-түсті литографияда картонға майлы бояумен боялған картиналар, графикалық парақтар бар. Автор бұл туындыларды Лидия Дроздова арқылы мұражайға сыйға тартты. Көрмеде әйелдерге арналған туындылар көп. Туындылар келушілерді ерекше әсерге бөлейтіні сөзсіз, – дейді көрменің кураторы Снежана Черкаева.

Бұдан бөлек, Валентин бір кездері мұражайға әйгілі әлемдік графика суретшілері Альбрехт Дюрердің, Лукас ван Лейденнің Ренессанс гравюраларының және басқалардың түпнұсқа туындыларының көшірмелерін сыйға тартқан.

Мұражай залындағы көрме аннотациясының жанынан Валентиннің кеншілер қаласына арнаған өлеңін оқуға болады. Валентиннің өнерге деген махаббаты Қарағандыда басталған. Алты-жеті жасында Қарағанды қаласы орталығындағы субұрқақтың жанында ата-анасын күтіп отырып, сурет салып отырған суретшіні көреді. Қарағанды Валентинді бала кезінде осылай шабыттандырған еді.

– Қазір Валентин жаңа туындылармен жұмыс істеп жатыр. Жеке көрмелерін өткізіп жүр. Балтық халықаралық академиясының галереясында жұмыс істейді және жалпы белсенді өмір салтын ұстанады, – деп атап өтті Лидия Дроздова.

Көрмесінің ашылуында қонақтарға лотерея ойнатылды. Көрермендер Валентин Даниленконың картинасын ұтып алу үшін бақ сынасты. Виктор Арент жеңімпаз атанды. Бірақ, ол әріптесінің картинасын мұражайда қалдыруды ұсынды.

Ал, біз көрмедегі жұмыстарды мұқият қарап шығып, Валентин Даниленконың Қарағандыға деген махаббатын сезіндік…

Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің III курс студенті.
ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button