Қар құрсауында қалмаймыз
Сенбі күні аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды-Астана күре жолын қардан тазартуға арналған техникалардың алдағы маусымға дайындығымен танысты. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге биыл екі есе көп техника жұмылдырылды. Яғни, қытымыр қыс мезгілінде жол азабын тарта қоймаспыз.
«Қыс – қыр астында. Арқаның қысы қытымыр келетіні тағы бар. Сондықтан, жергілікті билік қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігіне жіті көңіл бөліп отыр.
Мәселен, қыста Қарағандыдан Астанаға дейінгі жолды қар басып, Елордаға жету қиындайды. Осыған жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы бұл олқылықтың алдын алу мақсатында қосымша техника жұмылдырмақ. Сондай-ақ, биылғы жылы күз-қыс айлары бойынша жолды тазалауға 750 млн. теңге бөлінген.
«Бұл қаржы биылғы қыстан толығымен кедергісіз шығуға, техниканы жұмылдыруға жеткілікті», – дейді олар. Оған қоса, қауіпті саналатын Осакаров, Анар – Қарағанды, Спасск көтерме жолдары, Ұлытау ауданының жолдары назарға алынған. Әсіресе, Қарағандыдан Астанаға дейінгі бөліктегі жиі қар басатын Анар станциясының маңындағы жолдар бақылауда болмақ.
Қанат ШАЙМИН, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры:
– Қазіргі таңда 20-ға жуық техника жолдарды жөндеуге кірісті. Оның ішінде алдымен «КамАЗ», сондай-ақ, жолды қардан тазалайтын техникалар, қар ұстайтын тоспалар, бульдозерлер қойылды. Олар қыс бойы Қарағанды-Астана трассасын қардан тазалайтын болады. Бүгінгі таңда «ҚазАвтоЖол» АҚ-да 119 техника бар. Әлбетте, бұл техника аздық етеді. Сондықтан, жол учаскесіне қосымша 30 бірлік техника, оның ішінде, бульдозер, экскаватор секілді біршама техника жалға алынып отыр.
Сондай-ақ, компанияның көп техникасы облысқа қарасты Балқаш қаласы, Осакаров, Ботақара, Молодежный, Қарқаралы, Жаңаарқа, Ақсу-Аюлы, Ұлытау, Нұра секілді аймақтарда орналасқан. Қыстың қамына орай «ҚазАвтоЖол» мекемесі аясында облыстық штаб құрылып, жолдарды басқару бойынша жоспар бекітілген.
Бұл жөнінде Қанат Әкіжанұлы: «Біз – «ҚазАвтоЖол» компаниясы тапсырыс беруші ретінде жұмысты бақылаймыз. Біздің аймақ бойынша республикалық маңызы бар жол 2 785 шақырымды құрайды. 2 751 шақырым жолға – «КазахАвтоДор» ЖШС қызмет көрсетсе, 33 шақырым жолдың жұмысын Теміртау – Қарағанды арасындағы жолды қамтитын «Сей Сер» ЖШС мердігері қолға алады. Қалған жолдарға мердігер компаниялар жауап береді», – деп атап өтті.
Қанат Шайминнің айтуынша, биыл техника жеткілікті болғандықтан, жолға қатысты қиындықтар туындамауы тиіс. Оған қоса, облыс бойынша жалпы ұзындығы бірталай жерді қамтитын қар ұстайтын тоспалар орнатылған.
Аяулым СОВЕТ
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.