Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа жасаған жұмыс сапарында «Қарағанды-Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет» деген болатын. Осы орайда биыл Қарқаралы-Қарағанды бағытындағы күре жолдың 44 шақырымы жөнделеді. Осы жайында, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын баяндап өтті.

– Өнеркәсіп өнімін тау-кен саласындағы «Өркен Кентөбе», «Қазақмыс» корпорациясы, «Алтай Полиметаллы» сияқты ірі кәсіпорындар беріп отыр. Аталған кәсіпорындарда өндірістік процестер тұрақты іске асуда. Жұмыскерлердің еңбекақысы уақытында төленіп отыр,– дейді аудан әкімі.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,4 млрд. теңгені құрады.
Ауданның басты саласының бірі – ауыл шаруашылық екені белгілі. 2022 жылы жалпы өндірілген өнім көлемі 53,2 млрд. теңгені құраған. Мал шаруашылығында мал басы мен өндірілген өнімнің ұлғайғаны және техникалық парктің жаңарғаны байқалады. Ауданның жер көлемі 3 млн. 547 мың 236 гектарды құрайды. Былтыр 11 конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 102,9 мың га болатын 83 жер учаскесі шаруаларға пайдалануға берілген. Бүгінде аудан бойынша тиісінше пайдаланылмаған 37 мың 277 гектар жер қайтарылып алынған, 2023 жылы тағы 24 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда. Аудан экономикасының дамуына шағын және орта бизнес субъектілері де өз үлесін қосуда. Олардың саны жылдан жылға ұлғайып, жаңа нысандар ашылуда. Аудандағы 3 мыңнан астам шағын бизнес субъектілерінде 3,8 мың адам жұмыс жасаған болса оған биыл 285 субъект қосылған.
Туризм саласын дамытуда ауданның әлеуеті зор. Қала маңында жалпы 3 мыңға жуық адамды қабылдауға қабілеті бар 35 демалыс орны мен қонақ үйлер қызмет көрсетуде. Мемлекеттік ұлттық парк аумағында да реттелетін туризмді дамыту мақсатында нысандар ашылған.
Әлеуметтік сала да ерекше бақылауда. Аудан бойынша 48 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Жыл сайын мәдениет саласына қаражат бөлу динамикасы қарқынды өсуде. 2022 жылы 13 ауылдық клубқа және Қарқаралы орталық кітапханасына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы Қарқаралы қаласында орталық стадион құрылысы басталмақ. Сонымен бірге, бассейн салу жоспары бар. Осы бағытта Қарағайлы кенті, Көктас, Жарлы, Бүркітті ауылдарында спорт кешені құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласында жалпы 49 мекеме қызмет көрсетуде. Орталық аурухана жылжымалы дәріхана автокөлігімен, цифрлі рентген аппаратымен, заманауи видеогастроэндоскоп аппаратымен жабдықталған. Осыған байланысты қуантатын жай 2023-2024 жылдары ауданда 20 денсаулық сақтау объектісі салынып, 7 автокөлік беріледі.
Қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесі ауданның бірден-бір күрделі тақырыбы болып отыр. Ол қазірде 2,9% құрады. Аудан бойынша бүгінде 541 адам үй алуға кезекте тұр.
2023 жылы Қарқаралы қаласында екі 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, бірінші жартыжылдықта пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан басқа Қарағайлы кентінде апатты деп танылған 21 көпқабатты үй бар. Осы апатты үйлерді бұзуға биылғы жылы 55,0 млн. теңге қаражат қарастырылған. Бөлінген қаражат осы жылы тек үш үйді бұзуға мүмкіндік береді. Ол істі толық аяқтау үшін 151,8 млн. теңге көлемінде қаражат керек.
Аудан бойынша су жүйелерінің жалпы ұзындығы 215 және кәріз жүйелері 14,5 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда ауданға орталықтандырылған су көрсеткіші 89%. «Жарлы – Қарқаралы» топтық су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. 2022 жылы Ұлттық қордан және республикалық, облыстық бюджеттен ауылдық елді мекендерді су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етуге 1 675,3 млн. теңге бөлінген.
Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.