Қарқаралыдағы «Ақбұлақ Агро» кооперативінің жұмысы – жүйелі
Ауыл шаруашылық саласын кешенді дамытудағы тиімді жобаның бірі – кооперация құру. Өлместің күнін кешіп келе жатқан жеке ұсақ шаруашылықтар бірігіп, бірлесе өнім өндіруі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш саладағы қабілетсіздік пен импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырғандығымызды айтты. Бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы – бірлесе өнім өндіруде қарастырылатын мүмкіндіктерді көбейту, кооператив құруға басымдық беру.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі өңдеу өнеркәсібін, дамыту, отандық сапалы, табиғи таза өнім көлемін арттыру мақсатында аймақта – 2017-2018 жылдары 87 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 43-і етті, 41-і – сүтті бағытта. Бүгінде солардың нақты жұмыс істеп тұрғаны – 36. Оның 20-сы – етті, 16-сы – сүтті бағытта. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп түсінген шаруашылықтар кооператив құрамынан шығып кеткен. Қарқаралы ауданында 2017 жылы құрылған «Ақбұлақ Агро» кооперативі жұмысы жүйелі жолға қойылған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алған 53 млн. теңге несиені жауып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ниеттеніп отыр.
– Кооперативтің тиімділігі зор. Ұжымдасып еңбектенгеннің арқасында ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері де оңынан шешіліп жатты. Сүтті жинап, тапсырудан табыс түсетініне көзі жеткен ауыл адамдары мал өсіруге бет бұрды. Ауылда сүтті бағыттағы сауын сиырлар көбейді. Жеті жылдан бері теміртаулық «Рен Милк» сүт фабрикасымен келісім бар. Кооперативтің тағы бір мүмкіндігі – жайылымдық жер алудағы жеңілдік. Яғни, бос жер учаскелерін конкурссыз, комиссияның шешімімен қол жеткізе алады. Ендігі мақсатымыз – «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізу. Құжаттар тапсырылды, мақұлдануын күтіп отырмыз. Егер бұл жүзеге асса, сүт өңдеп, экологиялық таза өнімдер шығаратын цех ашу – келер жылдың еншісінде, – дейді кооператив басшысы Жансая Сланбекова.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz
Автордың «Агроөнеркәсіп өрісі кеңейеді» атты мақаласынан.