Қарқаралы

Қарқаралыда таза су тапшы

Қарқаралы қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Күн аралатып тоқтап қалатын, белгілі бір уақытта берілетін су қала халқын әбден титықтатып бітті. Жауапты мамандардың айтуынша, су жүйесіндегі құбырлардың ескіруі тұрғындарды толыққанды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр.

Биылғы жылы осы мәселені шешу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 81 млн. 939 мың теңге қаражат бөлінді. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында, алдымен қала ішіндегі 4 шақырымды құрайтын су құбырлары жаңартылып, 9 құдық қалпына келтіріледі.

Қалған су құбырлары мен кәріз жүйелеріне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Қарқаралы қаласы халқын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 500 текше метрді құрайтын жерасты су қоймасы жөнделіп, құбырлары ауыстырылып, су сорғысы жаңартылады. Су қоймасының маңындағы су мұнарасы да күрделі жөндеуден өтеді. Аталмыш жұмыстар жүйелі түрде іске асса, қала халқы таза ауыз судан тарықпайды.

Сағыныш Әбіл,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button