Руханият

Арқаның қысы оралады

Бүгінде күн райын болжау мүмкін болмай барады. Оның мың бір себебі бар. Соның бастысы – әлемдік жылымық.

Қазір қара құрылықта да қар жауады дегенге сеніңіз. Торнадаңыз Ресеймен шектесетін қазақ жерінен де көрініп жатыр. Ал, поляр шұғыласы келіп те үлгерді.

Артық-кемі жоқ алты ай жататын Арқаның қысы да тосын мінез танытып тұр. Қарашада қардан қара жер көрінбеуші еді, ал бізде желтоқсанда да қара жеріміз жалаңаш жатыр. Сол емініп отыр­ған қарымыз кеше ғана жауды. Қыс Арқасына оралып жатыр.

Есесіне еліміздің түскейінде жойқын борандар жүріп жатыр. Арқаның арқары ғана емес, қысы да ауған сынды…

Күннің райын білу Арқа қазақтары үшін өте маңызды.

Сурет: azattyq-ruhy.kz сайтынан

Кешегі есепшілеріміз күн райын Зодиак шоқжұлдызына қарап болжаған. Қыс белгісі Сүмбіле туысымен-ақ көріне бастаған. Сүмбіледе су жүріп, айтарлықтай суиды. Су беті кәдімгідей жыбыр­лап, қабаршық мұз тұрады.

Бұл жұлдызды батыста «Сириус» – деп әспеттейді. Ең жарық шоқжұлдыз болып есептеледі. Бұл – біздің қазан айымыз.

Қарашада құс қайтады. Қарашада көктайғақ тұрады. Қарашада қар бекиді. Қыс­тың зәрі бекіген қарға сынады. Мұнымыз қауыс. Көршілеріміз «Стрелец» деп жүр.

Одан кейін Қамбар туады. Қамбар ата түлігінің күні туады. Жылқы малы осы айда тебінге түседі. Ішті малдың құлыны көлденең түсетін айы осы ай. Көршілеріміз бұл жұлдызды «Козерог» дейді. Біздікілер әлгі дайын Қамбар сөзінен қашып, «Тау­ешкі» деп, «Ешкімүйіз» деп калька жасап жүр.

Бұл айда қыс әбден күшіне енеді. Арқаның арқа қарыр аязды күндері басталады. Бұл айымыз желтоқсанға келеді. Айдың басында Қырбастың қызылшұнақ аязы жүреді.

Биылғы бұл аязымыз тұрмысымызға көптеген қолайсыздықтар алып келді. Қар жоқтықтан оның қару лебі айтарлықтай өскен еді. Соған орай үсік шалғандар саны да айтарлықтай өсті.

Бұл айға ұрынғандар құлағын беріп тынған. Содан да «шұнақ» аталған. Айдың атауы атақты Көкбөрі Жарылғаптың баласы, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеу баласы Қырбастың есімімен байланысты.

Қырбас та батыр болған адам. Мал ығытымен қырға шығып кетпей ме?! Содан қайтып кеп тұр дейді, екі құлағы қып-қызыл болып домбығып. Ел құлағыңыз дей бергенде, «Е, не болыпты?» деп қамшысымен қақпай ма? Содан құлағы қолына келіп түсіпті.

Қазақ баласы бұл шұнақта ешқашан жолға шықпаған.

Осы айдың аяғында Арқаның шудаланып өтетін текебұрқылдағы бар.Онда киіктер маталып, құжындар бұрқылдайды. «Құжын» деп Арқа қазақтары қорамтаға (үйірге) бірінші рет түсетін құлжаны айтады. Арқаның көз байлаған бораны осы амалда өтеді.

Орыстың козерогінен кейін водолейі келеді. Бізде «көнек» дейді. Қазақ есепшілері осы көнек айында күн мен айдың қоралануын ерекше назарға алады. Күн қораланып жатса, қар қалың болады. Ал, ай қораланса, аяз күшейеді деген сөз.

Көнектің үшінші аптасында аяз күшейеді. Оны есепшілеріміз «қыс шілдесі» деген.

Арқада не аяз тұрады, не боран соғады. Екеуі қатар келмейді.

Одан кейін үтіміз келеді. Батыста оны балықтар деп жүр.

Үттің басында да ақырған аяз тұрады. Одан кейін аязымыз сына береді. Үсік шалатын аяздар болмайды. Борасыны бөрісырғақта өтеді. Бұл айдың соңғы аптасында өтеді.

Үшінші айдың екінші жартысында май боран өтеді. Осыдан кейін қысымыз көктемге жол береді.

Төрехан МАЙБАС
20.12.2023 ж.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button