Басты тақырыпҚарағанды

Арқадағы абыз театр

Жуырда қасиетті қара шаңырақ Сәкен СЕЙФУЛЛИН атындағы қазақ драма театры өзінің 85-ші маусымы шымылдығын Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ «Қарагөз» трагедиясымен ашты. Қос ғашықтың қиын тағдырын арқау еткен классикалық қойылым басталмас бұрын, көзіқарақты көрерменін сағына қауышқан қарағандылықтардың сүйікті театр ұжымы Сәкен ғимаратының алдында арнайы ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Өнерсүйер өрелі жұрт театр артистерін қызыл кілеммен қарсы алды. Шаһар жұртын тың идеяларымен таңғалдырмақ театр тарландарын Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА құттықтады.

Қазақ руханиятының қарашаңырағы, қан қызыл шымылдығы – Сәкен театры десек еш қателеспек емеспіз. Алматының Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрынан кейінгі керегесі кең, терезесі тең қастерлі өнер ошағы 1932 жылы іргетасын қалап, бүгінгі таңда сексен бесінші мәрте өз көрерменімен қауышып отыр. Өткен маусымды тартымды қойылымдарымен табысты әрі сәтті өткізген ұжымды жұрт ерекше ықыласпен қарсы алды. Театр алдындағы салтанатта алғаш болып құттықтау сөзін Қарағандының Құрметті азаматы, белгілі Мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова білдіріп:

Театр артистерін кызыл кілемде құшақ жая қарсы алу – жан толқытар ерекше сәт. Алыс шетелдерден абыройлы атақтармен оралып жүрген бұл өнер ұжымының біз де ажырамас бөлшегіне айналғанбыз. Бірнеше мәрте халықаралық, республикалық, сондай-ақ, аймақтық фестивальдерге қатысып, абыройымызды асырып-ақ жүр. Атап айтсақ, Түркия, Әзірбайжан, Украина, Белоруссия, Татарстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Ресейде марапатталып, шығармашылықтың биік шыңынан көрініп келеді.1982 жылы Халықтар Достығы орденімен марапатталған Сәкен театрының жұлдызды сәттері әлі де алда, – деді.

Ертеректе «Жұмысшы жастар театры» деген атпен де өнер көрсеткен аталмыш ұжымның «Ескі қаладағы» еңселі ғимараты бүгінде қаланың қақ төріне сәнді сарай болып көшкен. Тәубе деуіміз керек, өнер көрігін жаңа ғимаратта қыздырып жатқанымызға да бес жыл өте шығыпты. Әйтпесе,1962 жылдан 2011 жылға дейін К.Станиславскиий атындағы орыс театрымен бірге екі ошаққа бір көсеу кездер өткен.

Қазақ әдебиетінің классигі, әйгілі Мұхтар Әуезовтің құдіретті қаламынан туған «Қарагөз» трагедиясын Қ.Қасымов режиссерлығымен сахналанды. Қарагөз бен Сырымның шынайы махаббаты арқау болған кесек туынды жайында театр директоры Бекболат Нұрсияұлы:

Еліміздегі көптеген театрлардың сахнасында әр жылдары қойылып келе жатқан трагедияның Сәкен театрындағы режиссерлік шешімі жаңашылдығымен, сахнаның ерекше безендірілуімен бірден көрерменді баурап алды. Әр қимылын әнмен үйлестіре жеткізген актерлер де кейіпкерлерінің болмысын жеткізе білгендей,– дейді.

Бибігүл ЖАҒЫПАРОВА, Қарагөз рөлін сомдаушы:

«Қарагөз» тарихи трагедия. Қарагөздің, Наушаның, Сырымның талайлы тағдырын ашуға талпынған театр өнерпаздарының талпыныстары кей кезде мүлт кетіп жатқанымен, жалпы актерлік ансамбльдің үйлесімдігі сезіледі. Қарагөзін жоқтаған Сырымның жанайқайы көрерменді бір сәт толқытып жіберді, – дейді.

Аға толқынның орнын жаңа толқын басқан. Бүгінгі таңда театр труппасының құрамында елуден астам актерлер еңбек етеді. Жаңа маусымда театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев сөз сөйлеп, қазақ театр өнерінің аймақтық көшбасшысы саналатын аталмыш ұжым алдағы күндері көрермендерді түрлі жанрдағы қойылымдарын тамашалауға шақыратынын жеткізді.

Ерсайын Төлеубайдың «Әлихан Бөкейханов» драмасын да тамашалайтын сәт алыс емес.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған тың туындының қоюшы режиссері ҚР Мәдениет қайраткері – Сламбек Жұмағали. Бас кейіпкер Әлиханды белгілі актер Мадияр Қойшығарин сомдайтын қойылымның премьерасы қыркүйектің жиырма жетісі күні өтпек.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button