АймақОсакаров

Арқа қымызы – алты құрлыққа

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданының тұрғындарымен жүздесті. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы агроөнеркәсіп саласының қызметімен танысты. Ауданда жаңаша өндіріс ошағы қарқын алмақ. Мәселен, неміс технологиясы бойынша бірегей өнім – мұздатылған кептірілген бие сүті шығарылады. Өнімдер тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де белгілі. Осакаров ауданының Жансары ауылдық округіндегі ферма өндірісті ұлғайтуда. Жаңа өткізу нарықтары игеріліп, Дубайға жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда.

– Біздің фермада қазақ тұқымды жылқылар бар. Мал саны 1500-ден 2300-ге дейін өсті. Биыл мұздатылған кептірілген бие сүтін өндіруді 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін арттырамыз. Сату нарығы да кеңейіп келеді. Қазір Дубайда сатып алушымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – деді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади. – Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығын дамытамыз. Биыл 12 мың гектар жерге дән егілді, жаңа заманауи техника сатып алынды. Келесі жылы егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайтуды және суармалы жерлерді дамыту бағдарламасын бастауды жоспарлап отырмыз. Инвестиция­лар шамамен 2,5 млрд. теңгені құрайды.

Кәсіпорында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндірісті дамыту жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Фермада биелерді сауу процесі көрсетілді. Барлығы автоматтандырылған. Сау­ғаннан кейін сүт бірден өңдеуге жөнелтіледі. Осылайша барлық пайдалы қасиеттері сақталады. Кәсіпорынға барған кезде Ермағанбет Бөлекпаев жаңа техникаларды көріп, фермерлермен сөйлесті.

Кезекті кездесу барысында Осакаров ауданының тұрғындары «8 млрд. теңгелік» мәселені алға тартты. Кезі келген мәселелерді қаражаттық эквивалентке теңгере отырып, Ермағанбет Бөлекпаев күн тәртібіндегі түйіндер легін кезең-кезеңімен оңтайлы шешуге уәде берді. Ауыл тұрғындары жергілікті жолдың сапасына, білім және медицина нысандарын жөндеуге, жұмысқа орналасу секілді сұрақтарға жауап іздеді.

Әңгіме ауаны баяндамасыз, боямасыз өрбіді. Өңір басшысы ауыл тұрғындары үшін бірінші міндет – облыстың барлық елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екенін айқындап, баса белгіледі. Озерное, Ералы, Пионерское кенттерінде сумен қамтамасыз ету, жаңа құбырлар жүйесін орнату, Осакаровка кентіндегі жетінші кезек желісін салу жалғасын таппақ. Сенокосное, Николаевка, Садовое және Трудовое ауылдарында су құбырының құрылысы басталды. Осылайша 2200-ден астам адам ауыз сумен қамтылмақ.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Озерное, Батпақты және Садовое ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеу­ден өтеді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті қайта жаңарту басталмақ. Жоба – екі жылдық. Озерное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталады. Есіл, Сарыөзек, Ошағанды ауылдарының кентішілік жолдары жөнделеді.

Сондай-ақ, Молодежный кен­тін­дегі «Айгөлек» балабақшасын күрделі жөндеу жоспарланған.

Молодежный кентінің тұрғындары алдағы жылыту маусымы қалай өтетініне алаңдайтынын жеткізді.

– Биыл облыстық бюджеттен қазандықты жөндеуге ақша бөлінді. Бес қазандық орнатылады, электр қуатын ішінара жөндейміз. Қалған қаражат жылумен жабдықтау жүйе­сіне жұмсалады. Қазандықты техникалық тексеруді аяқтағаннан кейін күрделі жөндеуге қажетті сметалық құжаттарды ресімдейміз, – деді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.
Облыс басшысы аудан әкіміне қазандықты жақсы көмірмен қамтамасыз етуді тапсырды.

– Бүгін сұрақтар аз болғанымен, мәні – терең әрі жалпыға ортақ. Демек, халықтың өз ауылы, өз округі, туған өлкесіне жаны ашиды деген сөз бұл. 8 млрд. теңгеге ойланып қалдым, – деп әзілдеді Ермағанбет Бөлекпаев. – Барлық мәселелер орынды, оларды кезең-кезеңімен шешетін боламыз.

Кездесу соңында өңір басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бо­йынша қабылдады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button