Арқа руханияты – көрме төрінде
«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіндегі Қарағанды облысының Мәдениет күндері аясында Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, әдебиетшілермен және ғалымдармен кездесу өтті.
Кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев қатысты. Сонымен қатар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ, «Сарыарқа кітапханасы» антологиясына еңбектері енген авторлар қатысты.
Басқосуда қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуын, рухани мұраны танымал ету мәселелерін талқылады. Қарағандылықтар кітапханаға бірқатар жинақтар табыс етті. Бұлардың арасында «Сарыарқа кітапханасы» 100 томдығы, Ә.Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы және «Қаздауысты Қазыбек би» кітабының 2 томдығы бар.
– Елбасының бастамасымен бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдық сананы жаңғырту, рухани жанданудың платформасы болып табылады. Бізге, ең алдымен, жастарды тәрбиелеу жүйесін анықтап алу қажет. Бұл ретте ұлы қазақ ағартушылары мен қайраткерлерінің еңбектеріне баға жетпес. Олардың қатарында Қазыбек би, Әлихан Бөкейханов бар. Біз Сарыарқа жерінде дүниеге келген тарихи тұлғалардың есімдерін құрметтейміз, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы Қарағанды облысында қоғамдық және мемлекеттік қайраткер Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы кеңінен атап өтіліп жатқанын тілге тиек етті.
– Салтанатты шаралар бидің туған жерінде – Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ кентінде өтті. Бұл мерекеге біз басқа аймақтардан қонақтар шақырдық. Мерейтойға орай барлық тарихи орындарды аралап шығатын автокеруен ұйымдастырылды. Халықаралық автокеруенге қатысушылар ежелгі қала Түркістанда болып, онда Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінде жерленген Қазыбек бидің басына барды. Айта кететіні, бұл акция жастардың бастамасымен ұйымдастырылды, – деді Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшылығына кітаптар табыс етті.
«Сарыарқа кітапханасы» бірегей сериясы Қарағанды облыстық әкімдігінің қолдауымен «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жарық көрген. Антологияда 352 автордың туындылары жиналған – Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек биден бастап, қазіргі жазушылардың шығармалары бар. Әрбір том 800 дана.
15 томнан құралған Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағы бүгінгі таңда ең ауқымды жинақ болып табылады. Осыған дейін 9 том жарияланған болатын. Өткен жылы ұлы қазақ тұлғасы және публицисттің 150 жылдық мерейтойына орай жаңа жинақ басылды.
«Қаздауысты Қазыбек би» қос томдығы мерейтой қарсаңында шықты. Бірінші томға мерзімдік басылымдар, мұрағат құжаттары, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан материалдар енгізілді. Ал, екінші томда тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың Қазыбек би туралы монографиясы бар.
– Біздің кітап қорымыз «Рухани мұра» топтамасының бағалы басылымдарымен толықты. Бұл Сарыарқа мәдениеті мен тарихын кеңінен таныстыруда үлкен мүмкіндік береді, – деп сыйлықтарды жоғары бағалады Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітқан Мұғалбаева. – Бұл сыйлық бізге жастармен жұмыс істеуге, оларды рухани және тарихи мұраға баулуда үлкен септігін тигізері анық.
Ризашылық ретінде Ерлан Қошановқа Ұлттық академиялық кітапхананың оқырман билеті табыс етілді.
Кездесу барысында «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысында киелі жерлерге экспедиция жасап, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерінің съезін ұйымдастыру ұсынылды. Аймақ басшысына бұл ұсыныс ұнады. Осы мәселені көп кешіктірмей шешуге уәде берді.
Кездесуге қатысушылар Астанадағы «ЭКСПО – 2017» Көрмесінің өткізілуін де назардан тыс қалдырмады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.