Жаңалықтар

Арқа – өнердің кіндігі

Ержан ән салғанда, есіме ұстазым Жүсіпбек Елебеков түседі. Өйткені, Жүсекең дархан даланың төсінен шыққан тума таланттарды, ел ішінде дәстүрлі әнді кәсібилікпен шырқаған дарындарға тамсанатын-ды. Жүсекең бізге дәріс кезінде сондай дарындарды жиі тілге тиек ететін. Сонда Бабақовтар әулетін айтушы еді. «Қасымжан, Досымжан, Қосымжан, Сейітжан, Есімжан, Рәбиға – ағайындылар шетінен әнші-тін. Бірінен-бірі асады. Сейітжан 7-8 шақырым жерден әуелеткенде, тура құлағымыздың түбінен ән шырқағандай естілетін. Бір әнін тыңдап барып, ұйқыға кететінбіз» деуші еді. Жүсекең айтқан дәл сондай дала сахнасында жасындай жарқырап жүрген, далалық өнер дәстүрінің нәзік қылын үзбей жалғап келе жатқанның бірі һәм бірегейі осы – Базарбековтер әулеті деп нық айта аламын.

Сурет: Е.Базарбековтің жеке мұрағатынан

Бұл әулеттің балаларының бәрі дерлік менен тәлім-тәрбие, дәріс алды. Ақылымды айтып, жол сілтей білдік. Жалпы, өнер деген өренге құшағымыз қашан да ашық. Өнерде жалғыз, саяқ кетпей, соңымыздан осы Ержан секілді өнерпаздың қаулап өскеніне бек қуанамыз.

Арқа өңірі – әншілікпен әмбеге әйгілі. Кәкімбек Салықовтың дүниеден өтерінде айтқан мына бір сөзін осы арада айта кетсек, еш ерсілігі әрі сөкеттігі жоқ болар. «Бір кезеңде әнді ту қылған Көкшетауда ән қалған жоқ, ән Арқаға, Жаңаарқаға ауған екен. Қазір өнердің кіндігі – Арқада жатыр» дегенінде зор мән-маңыз бар. Бұл арада тек қана Жаңаарқа емес, Қарағанды облысының барлық өңірі әнге, күйге ерекше ден қойғанын айтады ақын. Қазыналы Қарағанды – дәстүрді үзбей, бүгінге жалғап келе жатқан бірден-бір аймақ. Осындай өнерге ынтық өлкеде Ержанның кәсіби тұрғыда шыңдалып, кемеліне келуі заңдылық ендеше.

Әрине, ұстазсыз шәкірт жоқ. Шәкірт ұстаздан білім алған соң өнерін өрістетуге тиіс. Міне, сол өнерін өрістеткен біртуар әнші – Ержан. Бүгінде жасы да, жиған тәжірибесі де, кәсібилігі де, оның ән қорының байып, толысқанын көрсетеді. Бүгінгі әнші Ержан кемеліне келген, кәсібиліктің биік шыңына шыққан Ержан!

Бәріміз ұстазға еліктедік. Бәрі еліктеуден басталады. Мен кезінде Игілікке, Жүсекеңе еліктедім. Одан әрі жалғап, оны дамыту әркімнің еңбегіне байланысты. Ол еңбек – репертуар, ән байлығы. Әнді толық меңгерген сайын шеберлік арта түседі. Ержанның бұл орайда үздіксіз ізденетін еңбекқорлығына риза боламын. Сондықтан да, Ержанның орындауында тыңдарманының жанын жұбатып, көңіл құсын көкке ұшыратындай бір қайталанбас ғажаптық бар. Бұл – Құдайдың өзі берген дарыны.

Біз әнді XXI ғасырға жеткіздік. Ержандардың міндеті XXII ғасырға жеткізу. Бұлардың жүгі, қазіргі компьютер меңдеген кезеңде, бізден ауырлау.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button