Медицина

Арқа медицинасының альмаматері

Білікті маман қайдан шығады? Адамның ізденуіне, дамуына, кемелденуіне мүмкіндік беретін ортадан деуге болады. Қарағанды медицина университеті – денсаулық сақтау саласына білімді маман, білікті кадр даярлап келе жатқан орда. Медицина саласындағы жетекші оқу орны білім беру, ғылым, емдеу-диаг­ностикалық қызмет көрсетуде өзіндік орны, жоғары беделі бар. Медицина қыз­меткерлері күні қарсаңында аймақтың ғана емес, еліміздің денсаулық сақтау саласы мамандарын әзірлеуде сүбелі үлесі бар университеттің ректоры Анар Тұрмұхамбетоваға бірқатар сауал жолдадық.

Сурет Кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Елде медициналық қызметкерлерге тапшылық бар. Университетті жылына қанша түлек бітіріп шығады? Қай мамандықтар басым?

– Негізі мұны тапшылық дегеннен гөрі мамандарды рационалды бөле алмау десе болатындай. Себебі, жыл сайын ел бойынша медициналық оқу орындарын бітіріп шығатын түлектер саны жетерлік. Біздің университет облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, Қостанай, Ұлытау облыс­тарымен тығыз жұмыс істейді. Жылына 450 адам клиникалық мамандықтар бойынша, тағы 200 адам фармацея, қоғамдық денсау­лық сақтау, медбике сияқты клиникалық емес мамандықтарды бітіріп шығады. Одан бөлек, резидентура деңгейінде 300-ге жуық адам түлек бар.

– Жас маманға жұмыс табу оңай ма? Ауылға барғысы келетіндер көп пе?

– Біздің түлектеріміздің 95 пайызы жұмыспен қамтылады. Әдетте оқытудың соңғы жылында олар келісімшарт негізінде жұмыс орындарын анықтап алады. Бітірген кезде қай облыста, қай жерде жұмыс істейтіндерін нақты біліп отырамыз.

Ауылдардағы кадр мәселесі әлі де өзекті. Ауыл квотасымен жыл сайын гранттар бөлінеді. Барлық бөлінген гранттың 30 пайызы ауыл квотасымен оқиды. Сәйкесінше, олар оқу бітіргеннен кейін ауылдық жерлерде жұмыс істеу міндеттемесін мойнына алады. Екінші мәселе, олардың сонда орнығуы. Бұл мәселені жергілікті әкімдік шешеді. Барлық жағдай жасалса, сол жерде тұрақтап қалады. Мұндай міндеттемеден әскери қызметкерлердің зайыбы, аяғы ауыр және кішкентай баласы бар әйелдер босатылған.

– Осы орайда студенттерге бөлінетін грант көлеміне тоқталып өтіңізші. Қандай мамандықтарға көбірек бөлінеді?

– 2700 грант жыл сайын бөлінеді. Оның 2500-і медицина бағытына. Резиденттерді даярлауға 2 мың шамасында. Басым мамандықты қажеттілікке қарай денсаулық сақтау басқармасы реттейді. Мәселен, қазір акушерлік-гинекология, неоноталогия, педиатрия, жалпы практика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог сынды мамандықтарға көп бөлінеді.

– Болашақ дәрігерлерді оқыту жүйесінде өзгеріс бар ма?

– Болашақ дәрігерлері оқыту өткен жылдан бастап өзгерді. Жаңа стандарт енгізілген. Енді медицина, педиатрия, стоматология, санитарлық дәрігерлерді оқыту интеграцияланған жүйемен жүзеге асады. Онда бакалавриат пен магистратура біріктірілген. Түлек магистр деңгейін алып, дәрігер кәсібін меңгеріп шығады. Клиникалық практикадан өту резидентурадан кейін ғана рұқсат етіледі. Яғни, резидентура мерзімі біршама ұзарады. Бұл бітіріп шығатын дәрігерлердің сапалы маман болуына бағытталған. Мәселен, АҚШ-та 10-12 жыл оқиды. Біз халықаралық стандарттарды енгізуге талпынамыз.

– Бір кездері педиатрия бойынша маман даярлау тоқтап қалған болатын. Қазір бұл бағытта оқыту қалай жүріп жатыр?

– Педиатрларды әзірлеу тоқтаған емес. Тек басқаша болатын. Педиатрларды әзірлеу бір кездері резидентура бағдарламасы арқылы жүргізілді. Интернатурада педиатрия бағыты болған. Оны бес жыл оқығаннан кейін біреуі хирургия, бірі терапияға, енді бірі педиатрияға кететін, сосын әрі қарай резидентурада оқитын. 2019-2020 жылдардан бастап С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде педиатрия факультеті ашылды. 2021 жылы бізде де ашылды. 129 адам оқып жатыр.

– Президент аймаққа жасаған сапарында университет клиникасын ашу туралы айтып еді. Бұл мәселе қолға алынды ма?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімдігі бірлесіп университет клиникасының құрылысын қолға алды. Клиника мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады. Барлық құжаттамасын Азия даму банкі жасауда. Қазір конкурстық құжаттарды келісу жүріп жатыр. Біткеннен кейін министрлік конкурс жариялайды.

Қазір де университеттің өз клиникалары жұмыс істеп тұр. Біз бұрынғы мейіргерлік күтім клиникасы ғимаратын сенімгерлік басқаруға алғанбыз. Ол – хирургия, терапевтік науқастар жататын 100 орындық ауру­хана. Ковид кезінде вирус жұқтырғандар жатты онда. Кәсіптік аурулар клиникасы бар. Онда кәсіби сырқатқа шалдыққандар емделеді, сарапшылық кеңес алады. Стоматологиялық клиника да үздіксіз адам қабылдайды.

– Университетте оқытушылар мен студенттердің ғылыммен айналысуға мүм­кіндігі бар ма?

– Бізде молекулярлық-генетикалық үлкен зертхана, сондай-ақ, санитарлық-гигиеналық зертхана бар. Мұнда студенттер мен оқытушылар өздерінің ғылыми жобасымен айналысады. Олар Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктері қаржыландыратын ғылыми жобалар жасайды. Еуропа кеңесі қаржыландыратын да жобалар бар. Зерттеулер тақырыбы молекулярлық-генетикалық зерттеулерден бастап, қоғамдық денсаулық сақтау, сонымен қатар, білім беру салаларына қатысты.

– Отандық және шетелдік басқа оқу орындарымен байланыс жоғары болар онда?

– Университеттің еуропалық, сондай-ақ, азиялық университеттермен байланысы зор. Бізді олармен бұрыннан қалыптасқан ортақ жобаларды жүзеге асырудағы серіктестік қатынастар тығыз байланыстырады. Франция университеттері, Литвадағы Вильнюс университеті, Малайзияның халықаралық университетін мысал ете аламын. Біздің студенттер студент медиктердің халықаралық ассоциациясына мүше. Бізде олардың бөлімшесі бар. Сол бойынша шетелдік студенттер бізге, біздікілер шетелге барып оқиды. Оқытушыларымыз шетелдік ЖОО­-ларда дәріс беріп, тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен, Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды университетімен байланыс орнаған. Ортақ жобаларымыз бар. Мәселен, техникалық университетпен бірлесіп ІТ медицинаны қолға алдық. Клиникалық психологияны Қарағанды мемлекеттік университетімен дамытып жатыр­мыз. Жалпы, университетте білім алушылардың ғылыммен, шығармашылықпен, спортпен айналысуына, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалған.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button