Спорт

Арқа балуандары көш басында

Қарағандыда республикалық деңгейдегі балуандар додасы өткен еді. Турнир қазақ күресінен спорт шебері Серік Мамашевті еске алуға арналған. Боз кілемде 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер белдесті. Додаға республиканың түпкір-түпкірінен 200-ге жуық балуан қатысты. Осы додада Қарағанды биік тұғырдан көрінді.

 

Айта кетейік, Серік Мамашевті еске алуға арналған турнир ел аумағында осымен бесінші жылы қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ал, Қарағандыда бірінші рет жалауын көтерді. Тартысты додаға Арқа өңірінен жалпы жетпістен астам спортшы қатысты. Барлығы да – аудандық, облыстық деңгейде олжа салып жүрген саңлақтар. Республикалық турнирде де өз өңірлерінің намысын қорғап қалды. Бапкердің де, соңындағы жанкүйердің де үмітін ақтады. Солардың бірі – Арнұр Ернарұлы. Ақтоғай ауданының тумасы. Атасы мен әжесінің қолында ержеткен ол бала кезінен спортқа үйір болғанын айтты. Қазақ күресімен екінші сыныптан айналыса бастаған. Содан бері қол үзбеген. Мақсаты айқын: ел намысын әлемдік деңгейде қорғайтын балуан болғысы келеді.

– Келешекте байрақты додаларда топ жарғым келеді. Бұл – басы ғана. Тек еңбектену қажет. Мен осы турнирде жеңіске жетуді мақсат еттім. Мақсатыма жеттім. Осы спорт түрінің қыр-сырын үйренемін. Бапкерім – Қайрат Қинаятов. Бапкеріме зор алғысымды білдіремін. Ол – бапкер ғана емес, өмірлік ұстаз. Спортта қалай тәртіпке баулыса, өмірде де тәртіпті болуды талап етеді. Қазақ күресі жасай берсін! Қазақстанның нымысын қорғап, байрағымызды желбіретер күнге жеткім келеді, – деді Арнұр Ернарұлы.

Ұлттық спорт мамандарының пікірінше, Арқадағы қазақ күресінің мектебі мықты. Саңлақтарымыз ел аумағында зор беделге ие. Турнирдің бас төрешісі де сол пікірде.

– Арқадағы балуандардың жұлдызы жарық. Оған куәміз. Республикалық, тіпті, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген спортшыларымыз баршылық. Боз кілемнің шеберлері өз мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Мына турнирдің нәтижесі – осы сөзімнің дәлелі. Қарағандылық спортшылар тағы да үздіктер көшінің басына жайғасты, – деді бас төреші Абай Төлегенұлы.

Қарағанды облысы бұл турнирде медаль саны бойынша кестеде бірінші орыннан көрінді. Балуандарымыз 5 алтын, 4 күміс және 10 қола жеңіп алды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button