Арқа абыройын асқақтатты
Маңғыстаудың маңғаз даласынан Арқаға сүйінші жаңалық жетті. Ақтауда «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыстың ақтық сайысы өтті. Ақтық сында Қарағанды облысы мен Түркістан облысының құрамасы жыр додасына түскен еді. Ақындарымыз жеңіске жетіп, Арқадағы айтыс мектебі мен жыр сүйген жұртының мерейін үстем етті.

Республикалық командалық айтыс – дәстүрлі өнер түрлерін жаңғыртып, бес түрлі ұлттық өнерді бір арнаға тоғыстырған ауқымдық мәдени жоба. Ерекше форматтағы жоба былтыр «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған еді. Жобаның авторы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев.
Жобаның барлық кезеңінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман қазылық етті.
Командалық айтыста сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт, өтірік өлең сынды көнеріп бара жатқан айтыс түрлері қайта жаңғыртылды. Тіпті, сахнада жыр мен терме де, қазақтың классикалық әні де орындалды. Күйшілер де күй тартысқа шықты. Бұл – жобаның ерекшелігі.
Жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіп қазылар алқасының төрағасы болды. Жыршы, термеші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов пен күйші, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева және әнші, профессор, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин қазылық етті.
Қарағанды облысының құрамасын белгілі айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Айтбай Жұмағұлов бастап барды. Белгілі жырау, айтыс өнерінің белді өкілі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Тілеген Әділов жыр додасына түсті. Белгілі әнші Қазыбек Әдікей мен дарынды айтыскер ақын, 2023 жылғы «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов және «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысының бас жүлде иегері Нұрмұхамед Байсүгір де команда құрамында. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы оркестр құрамының күйшісі Балқан Смағұлов күй тартысқа шықты. «Құрмет» орденінің иегері, дүлдүл әнші Сержан Мұсайын мен талантты әнші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Медет Осатаев қазақтың классикалық әндерін шырқады. «Айтыс ақтангері» төсбелгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қамиев жыр додасына түсті. Жас айтыскер ақын Жанарыс Тілеубек болса, команданы жырмен таныстырды.
Ақтық сынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыс құрамасын бастап барған Айтбай Жұмағұлов «Мұндай мега жобада Арқа даласынан барған команданың топ жаруы – зор абырой» дейді.
– Қаншама өнерді бір жобаға біріктірген мега жобаға қатысып, топ жарғанымыз – зор қуаныш. Түркі мәдениеті тоғысқан Маңғыстау бізге керемет әсер сыйлады! Жиырма команданың ішінен финалға шықтық. Бірінші Семей, одан кейін Павлодар облыстарынан, Астана қаласынан басым түстік. Команда құрамына кіл дүлдүлді іріктеп алдық. Айтыскер ақыны, әншісі, күйшісі болсын, бәрі республикалық деңгейде үздік болып жүргендер. Ұлттық өнеріміз жаңғыра берсін! – деді Айтбай Жұмағұлов.
Маңғыстаудан сүйінші хабар жетісімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында өңір абыройын асқақтатқан өнерпаздарымызды құттықтады. Құттықтауда «Біздің өнерпаздарымыздың Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық айтыста қол жеткізген жеңісімен құттықтаймын! Қарағанды облысының құрамасы бұл айтыста сөз саптау шеберлігімен, ән, жыр, күй өнерінен жоғары деңгейден көріне білді. Бұл жетістік өскелең ұрпақты мәдени мұрамызды сақтауға және құрметтеуге ынталандыратыны сөзсіз», – делінген.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»