Бас тақырып

Арқа ақжолтайлары елге оралды

Кеше таңертең Қарағандыға Ханчжоуда өткен Азия ойындарында медаль жеңіп алған спортшылар Аделина Земс, Кирилл Тубаев және Артем Саркисян туған жерге табан тіреді.

Еске сала кетейік, Артем семсерлесуде алғашқы қола жүлдені еншіледі. Кирилл да байдаркада ескек есу бойынша қола жүлдеге қол жеткізген еді. Аделина болса, жеңіл атлетикадан Қазақстан командасының құрамында өнер көрсетті.

Медаль иегерлерін отбасы, достары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарсылады. Спортшылар сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, Ханчжоудағы спорт бәсекесі ойдағыдай өткенін атап өтті. Өйткені, басты мақсат қанжығаға медаль қамдап, ел абыройын жарты жаһан дидарында асқақтату еді. Олар сол үдеден шықты.

Әлем жұртшылығы назар салған додада біздің әрқайсымыз жеңіс тұғырынан көріну үшін барымызды салып, жанымызды шүберекке түйдік. Бәрінен бұрын спортшы атаулы доданың басы мен аяғында жанталасады. Мен сол аяқ тұсында өнер көрсетім. О баста жаттықтырушымыз Виктор Егоровпен осындай тактика ұстандық. Ол кісіге алғысым шексіз. Мәселен, Қазақстан семсерлесу спорты бойынша қатарынан 13 жыл бойы Азия ойындарынан бірде бір медаль еншіленбеген екен. Соңғы рет сонау 2010 жылы қоржынға медаль түскен. Ал бұл жеңісім біздің команда үшін зор жеңіс деп бағамдарлық. Спорттың бұл түрінен Қазақстан құрамасы – әлемдегі ең жас командалардың бірі. Бұл медаль – біз үшін өте маңызды әрі толайым табыс, – деп ағынан жарылды Артем Саркисян.

Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы үшін үшінші орынды дәл осы Артем иеленді. Көрсеткіш көз сүйсінтеді. Корея бұл спорт түрінен талай Олимпиада чемпиондары мен Әлем чемпиондарын шығарған ел екендігін ескерсек, жартылай финалда ел спортшылары осы Оңтүстік Кореяға есе жіберген. Жартылай финалдағы ұпай алшақтығы тек төрт ұпай ғана. Нәтижесінде Қазақстан командалық жарыста үшінші орынды иеленді. Бұл –Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ересектер арасындағы семсерлесу бойынша алғашқы медаль.

Соңғы жылдарда Азия ойындары әлемдік дода яки олимп тартыстарынан кем түспейді. Спортшылардың барлығы – өз елінің кіл үздіктері. Біздің өңірімізге таққан бір медальдің өзі – болашақ ірі додаларға жолашар. Мұндайда жүрегіңдегі жігерің ғана құтқарып қалмақ. Әр спортшы жарысқа тастүйін дайындалып шаршы алаңда қолдан келгеннің барлығын жасайды. Кейінгі жас спортшылар да діттеген мақсаттарына жетсін! Спортқа адал болсаңыз, спорт сізге адал болады деген тілегімді жеткіземін, – деп тұжырды сөзін Кирилл Тубаев.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button