ҚАПЫСЫЗ ҚҰРМЕТ ОРАЛА МА?
«Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың. Тіпті, қолынан ине ұстау келмейтін болса да әйелдеріңізден ажыраспаңыздар».
Қасиетті хадистерден.
«Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз».
Н. НАЗАРБАЕВ.
2016 жылғы 24 қараша күні Қарағанды экономикалық университетінің акт залында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Қарағанды облысының Дін істері және жастар саясаты мәселелері басқармалары «Дін және әйел» форумы мен «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» атты конференция өткізді. Оның жұмысын облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВ жүргізді.
Форумға қатысушыларға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің құттықтауын жеткізген Жандос Ақылсерікұлы өтіп жатқан форумның мақсаты аталмыш тақырыпты жалпыхалықтық деңгейде талқылау үшін пікірталас алаңын ұйымдастыру, жастардың дін негіздері туралы дұрыс мағлұмат алу және зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыру деп атап көрсетіп, қатысушылар жұмысының жемісті болуына өз тілегін қосты.
Форум жұмысына шетелдік бірқатар дінтанушылармен бірге ғалымдар, мемлекеттік органдар, жастар және қоғамдық ұйымдар, діни конфессиялар және БАҚ өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөзді Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек алды.
Күткендегіміздей баяндамашы дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуінен, діни сауаттылықтың төмендігінен радикалды идеологияның туындап қана қоймай, таралып отырғанына баса назар аударды. Барған сайын қазақ баласының дүниетанымы өзгеріп барады. Әсіресе, қазіргі жаһандану заманында батыстың ықпалы ерекше болып тұр. Олар біздің ұлттық дүниетанымымызға жарықшақ түсіріп қана қоймай, өздерінің танымын зорлықпен таңып отыр. Бұл жолда олар БАҚ құралдарының мүмкіндігін барынша қолдануда. Бұл бағытта олар қаржы да, басқасын да аямайды. Соның салдарынан жастарымыз жат идеологияның шылауында кетіп жатыр. Сөйтіп, батыстықтар біздің жастарымыз үшін қолдан құндылықтар жасап, олардың санасын улауда, өмір салтына айналдыруда. Оның салдарын елімізде болып жатқан кейінгі оқиғалардан көруге болады. Табиғатынан мейірбан қазақ баласы намаз оқымадың деп ата-анасынан іргесін сырт салса, басқа себебі жоқ.
«Радикалды ағымдардың басты назары дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан, радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болып табылады.
Осы ретте, ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Сонымен қатар, ұлттық рухани құндылықтарымызға оралуға, оларды кеңінен түсіндіру арқылы теріс ағымдардың идеологиясына қарсы тұруға болады. Бүгінгі таңда дін мен салт-дәстүр әлеуметтік институт ретінде қоғамда өзінің орнын таба білсе, рухани құндылық жұтаңдығынан орын алатын келеңсіз әрекеттердің алды алынады. Қоғамдағы барлық мәселелердің заңмен реттеле бермейтіндігін, бұл мәселелердің әлеуметтік институттар арқылы жүзеге асырылатындығын ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдардың осы бағытта жұмыс жасау қажет» деп атап өтті Ғабит Мұхамбетжанұлы.
Бізде діни сауаты жоқ немесе кемшін, қатып қалған саяси көзқарастағы жастар санаты бар. Нақ солар бүгінде лаңкестердің қуыршағына айналып отыр.
«Исламдағы әйелдердің құқығы» деген тақырыпта «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті Египет университетінің ректоры Басюни Жуда Абдулганинің баяндамасы баршаның көңілінен шықты деп білеміз. Өйткені онда бізде айтыла бермейтін мәселелердің бәрі ашық айтылды.
Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам дінінің орны өзге діндерден оқ бойы озық тұрады.
Ерлер әйелдеріне әсіре көп талап қояды. Ал сол талаптардың негізінде құқық жатқанын айыра бермейді. Ол – әйелдің ері алдындағы және ерінің әйелі алдындағы құқықтары. Мәселен, мүсілім ер әйеліне тек мереке күні қана емес, барша уақытта сыйлық ұсынып отыруы керек. Бұл көркемдік мінезге жатады. Сол сыйлықтың өлшемі бар ма? Бар, әрине. Сыйлықтың төменгі мөлшері әйелді қуантатындай болуы керек. Ал шеткі шегі, мөлшері болмайды. Өйткені үлкен сыйлықта береке бар деген.
Ері әйелімен шынайы қатынаста болулары керек. Ол не деген сөз?! Бәрін қойғанда ері әйелінің түймедей де шаруасын шешіп беруі керек. Ері тұрғанда әйелдің өзі тапқан қаражатын жаратпау құқы бар. Яғни, ері әйелінің қажетін өз қаражатымен ашулары керек.
Ері сынды әйелінің де білім алу құқы бар. Мүмін қашанда білуге ұмтылуы керек. Олай болса мүсілім әйел ерімен шынайы қатынаста болу үшін шынайы білім алуы керек.
Мұхаммед пайғамбарымыз: «Құптарлық істердің ең қайырлысы – көркем мінез-құлық. Көркем мінез-құлық – иманның жартысы. Кімде-кім өзінің сенімінің күшейгенін қаласа, өз жұбайына жылы махаббат сезімімен қарайтын болсын» деген. Мұнан асырып айту мүмкін емес болар.
Ислам әлеміндегі әйелдің рөлі жөнінде айтқанда, көпшілік оны әйел адамға деген тыйымдардан тұрады деп ойлайды. Соған орай әйелдің құқығы, еркіндігі туралы көбірек айтылып жатады. Ислам дінінің әйелге қоятын талаптары оның жеке басын төмендетуден немесе тұқыртудан тұрмайды. Ең бастысы әйелдің ана ретіндегі парызымен сабақтасып, оның отбасындағы міндетін орындауымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуімен терең байланысып жатыр.
Діндердің барлығында әйелдер мен ерлердің жасайтын ғибадаттары мен құлшылықтары бірдей болып саналады. Құлшылық рәсімдерінің жекелеген бөліктерінде ерлер мен әйелдер үшін айырмашылық болғанымен, ал рәсімнің өзі тұтастай алғанда баршаға ортақ.
Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды, сонымен қатар, дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Ал, исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген.
Әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген жайттар баршылық. Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады.
Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалаушылықты әсіреқызылдық деуіміз керек.
Тұрмыс құрған әйел күнкөріс қажеттіліктеріне өзінің қаражаты болса да жұмсауға міндетті емес. Оған күйеуі қарауға міндетті. Құран Кәрімде: «Олардың (аналардың) дәстүрге сай тамақтануы және киімі әкенің мойнында» (Бақара сүресі 233-аят), «Мүмкіндігі мол адам мүмкіндіген қарай қаражат берсін; күнкөрісі ауыр адам Алла Тағаланың оған берген мөлшеріндей берсін» (Талақ сүресі 7-аят), «Оларды (ажырасқан әйелдерді) шамаңызға қарай отырған жеріңіздің бір бөлшегінде тұрғызыңыз» (Талақ сүерсі 6-аят) делінеді.
Хадисте: «Сендердің мойындарыңда жұбайларыңның жағдайына сәйкес тамақтану және киіну хақылары бар» делінеді.
Бұл жағдайда әйел тұрмысқа шығып күйеуінің үйіне орналасқаннан кейін барлық ішіп-жем, киім-кешек және баспана шығындары ерінің мойнында. Киім үшін, отбасының жағдайына қарай және ислами салт-дәстүр негізге алынады. Әйелдің біреуі жаздық, екіншісі қыстық жылына ең азынан екі қабат киім киюге хақысы бар. Киімнің ішіне күнделікті үйдің қажеттіліктері де кіреді. Отағасы әйелін ішінде отыруға жеткілікті заттары бар, жаман көршілерден аулақ бір баспанамен қамтамасыз етуге міндетті .
Ислами әмірлер мен тыйымдарды орындауда да еркек пен әйел арасында маңызды айырмашылық жоқ. Бірақ, кейбір құлшылықтарда немесе ғибадаттың орындалу барысында әйелдерге қолайлы кейбір жеңілдіктерді көруге болады. Осыларға намаз, ораза, қажылық, зекет және жихад сияқты ғибадаттарға қатысты мәселелерде көруге болады. Мәселен, әйелдерге бес уақыт намаз оқу парыз болғанымен жұма, айт және жаназа намаздарынан босатылған. Бес уақыт намазда жамағатпен орындаудың орнына үйде оқыған тіпті, абзал болғандығы тағы бір жеңілдік.
Әйел мәселесі әрқашанда әрбір қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып келген. Өйткені әйел – келешектің кепілі.
Әйелдің мәртебесін пайғамбар хадистеріндей және пайғамбар Мұхаммедтің өміріндегідей ешкім, әрі еш уақыт көтермеген, көтерілмейді де. Хадистердің көбісі дерлік әйел мәселелеріне, олардың қоғамдағы және отбасындағы орны мен роліне арналған.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының найб имамы Серікбай Ораз «Дәстүрлі құндылықтар және жастар» деген тақырыпта өз ойларымен бөлісті.
Қазақстан – өзіндік дара даму жолы бар мемлекет. Ата-бабаларымыз ұстанған жол ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге негізделген.
Біздің елімізде дінге сену, дін таңдау еркіндігі бар. Алайда, осы берілген әлеуметтік-демкоратиялық құқықты теріс пайдаланып жатқандар да бар. Сириядағы жағдай бүгінгі күні әлемдік өзекті проблемаға айналып отыр. Ол Қазақстанды да сырт айналып кеткен жоқ.
«Әйел және дін» деген тақырыпта баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанованың баяндамасы жиналғандар назарын аударды.
Әйелдер тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болсын өзіндік маңызға ие болған. Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеттерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер тең, яғни пенде ретіндегі міндеттері бірдей. Хадистерде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.
Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Інжілде (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды.
Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысты. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта қана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен, өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі. Сонымен қатар, құдайлық миссияның әйел-ана арқылы жүзеге асырылуы, әйел бейнесінің Құдай-ана дәрежесіне дейін көтерілуі, дінге қызмет еткен әйелдер бейнесінің кездесетіні христиан дінінде де әйел-ана тұлғасына елеулі мән берілгенін аңдатады.
Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі бір хақтары бар. Әйелдерден гөрі ерлердің дәрежесі артық», «Ерлер әйелдерден бір саты жоғары тұрады. Себебі олар әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген аяттар бар. Бұл жерде де әңгіме құқықтық басымдықтан гөрі міндетке көбірек қатысты болып отыр.
Исламда отбасы жауапкершілігі әйелдер мен ерлерге ортақ болып табылады. «Бәрің де жауапкерсіңдер және жауапкершіліктегі нәрселеріңнен сұраласыңдар. Патша қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Ер адам үй-ішіне жауапты, солар үшін сұралады. Әйел ерінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайынның мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады» деген хадистен осыны аңғаруға болады.
Исламда әйел сүйіспеншілігі ақыретке дейін жалғасатын бақыттың нышаны. Адам нәсілінің жалғасуында да өте маңызды болғандықтан ана – қашанда адамзаттың қайнар бұлағы. Дүниеге келмеген нәрестелердің өзі де анасының құрсағында заттық қоректерімен қатар рухани қажеттіліктерін де солардан алып отырады. Сондықтан, ұлы дініміз тарапынан өздеріне осыншалық мәртебе берілген әйел қауымы да бұның қадірін біліп, осыған лайықты қызмет көрсетулері керек.
Қазіргі таңда отбасы мәселесі ең басты мәселелердің біріне айналған. Неге десеңіз бүгін де отбасының бақытты болуы, оның сақталып қалынуы, салауатты өмір салтын жүргізуі тым қиындап кеткені шындық. Осының барлығының негізгі түп-тамыры әйел баласының мінез-құлқының, жүріс-тұрысының, өмірге көзқарасының өзгергеніне байланысты сияқты. Тек әйелдер қана емес оларға деген қоғамның көзқарасы да өзгеруі арқылы әйел де өзгеріп отыр, ал әйел өзгерген соң отбасы да, артынан қоғам да өзгеріске ұшырады. Өйткені отбасының түп қазығы, тамыры, өзегі осы әйелдің қолында десек артық айтқандық болмас. Көп ұлттар әйел затын төмен ұстаған. Азияны алсақ та, Еуропаны алсақ та әйелдер құқықтан мақұрым еді. Ер кісілер әйелді қаласа алып, қаласа шығара беретін еді. Әйел мүлік есебінде қаралатын, үйде қызмет мәселесінде салынатын және қажет жағдайда сатылатын. Иранда маздек, қарындас және шешемен үйленуді заңды көрген. Қарғыс атқыр бір өзінің құртқан зәрдуштер де қарындасымен де үйленуге жол қойған.
Қытай мен Үндістан сияқты байырғы елдердегі әйелдердің тағдыры аянышты болғаны баршаға әйгілі. Ескі қоғамда әйелдердің орны өте төмен болған, әсіресе Үндіде өте бейшара мақұлық саналады, ешбір құқығы болмады.
Әйелдің діні мырзасына қызмет ету саналды. Өлген күйеуінің сүйегімен бірге өзін өртеп құрбан еткен адал жұбай, ең бағалы, ең жақсы, ең қадірлі әйел саналып, бүкіл Индияның жерлерінде мадақталатын. Жесір қалған әйел аянышты күйде өртеліп, өзін құтқарған саналатын.
Ана бола алмаған әйел аянышты жауыздықпен кедейлікке душар болатын. Жалпы, ислам әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы қасиетті кітаптарда «Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін әйел» делінген.
Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы «Сырғалым» клубының жетекшісі Оралжан Құндыз өз баяндамасын қыз бала тәрбиесіне арнады.
Қош, сонымен форум мен конференция аяқталды. Ал, жиналған қауым бірден тарап кете қоймады. Өйткені олардың санасында баяндамашылар шегелеген «Әйелі бұзылған елдің ертеңі болмайды» деген концепция орын алған еді. «Баласы бұзылған елдің ертеңі ше?» деген дүдамал сауал да тұрған.
Қазақ баласының әйелге деген, балаға деген құрметі қашанда түгесілмеген. Бір қолымен баласын, екінші қолымен әлемді тербеген Анаға деген құрметіміз әлі де кеміген жоқ. Сол құндылығымыздың кейінде солғын тарта бастағаны жасырын емес.
Жиналғандар алдына «Сол қапысыз құрметіміз орала ма?» деген сауал қойылды.
Оның жауабы сауалдың өзінде тұр-ау деп ойладық. Біз ол құрметіміздің оралатынына сендік.
Форум бойынша өткен сессияда Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері бойынша ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы «Дін мәселелері-руханият мәселелері», Ақмола облысының дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлнұр Сатыбалдина «Қоғамдық мұрадағы әйелдердің орны», Атырау облысы дін істері басқармасының ақпарат-түсіндіру орталығының инспекторы Салтанат Нұрбекова «Мұсылман отбасындағы әйелдердің концепциясы», Қарағанды медициналық университетінің жанындағы «Көркем» клубының жетекшісі Айнұр Серікова «Қазақ халқының діни дәстүрі аясындағы әйел» тақырыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, конференция аясында Қарағанды мемлекеттік университетінің гуманитарлық ғылымдар магистрі Назгүл Мыңғышева «Жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі қоғамдық институттар жұмысының өзегі», «Діни-құқық және психологиялық кеңес орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Дәулет Мырзахметов «Экстремизм және лаңкестік БАҚ-та қалай беріледі?», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Толғанай Мұстафина «Жастар және дін: мәселенің өзектілігі және оны шешудің жолы» тақырыбында баяндама жасады.
Төрехан МАЙБАС
Суреттерді түсірген Л.ГАЛИМОВ.