Аптап – қауіпті
Бастан күн өту жазда жиі кездеседі. Ол күн сәулесінің бас аймағына тікелей әсер ету себебінен туындайды. Күн өткен кезде тыныс алу қиындап, дене қызуы көтеріліп, бас қатты ауырады. Сондай-ақ, кейбір жағдайда адамдар естен танып қалуы мүмкін.

– Мұндай жағдай аптап ыстық кезінде сағат 11:00-17:00 аралығында күн астында ұзақ жүруден туындайды, – дейді №5 емхананың терапевті Светлана Борисова. – Сондықтан, жағажайда, бау-бақшада немесе жаттығу кезінде де күн өтуі мүмкін. Күннің тікелей сәулелері салдарынан бас ысып, ми бөліктері қызып кетеді. Мұның барлығы – артериалық қысымның көтерілуіне себеп. Бұл жағдай ұсақ тамырлардың үзілуіне, орталық жүйке жүйесі мен адам ағзасы үшін маңызды функциялардың бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Күннің ыстығы, әсіресе, жүкті әйелдер мен балаларға қатты әсер етеді.
– Кішкентай балалар ересектер сияқты дене температурасын тиімді реттей алмауы мүмкін. Ондай жағдайда, дымқыл матаны денесіне жауып, маңдайы мен желкесіне дымқыл орамал қойған абзал. Салқын су беру қажет. Сондай-ақ, созылмалы аурулары бар науқастар: жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, қант диабетімен ауыратын жандар үшін аса қауіпті. Ыстық ауа райында ұйқы да бұзылып, адамға жайсыздық тудырып, тез шаршауына алып келуі мүмкін, – деп атап өтті дәрігер.
Ыстықта ұзақ жүргенде жүрек соғуы жиілейді, қан қысымы төмендейді, тер көп бөлінеді. Сұйықтық пен тұздардың (оның ішінде, натрий мен калий) жоғалуы қанның қоюлануына және тромбоз қаупінің артуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, ауа ыстық және лас болса, өте қауіпті, себебі шаң мен түтін ағзаны сусыздандырады. Бұл жағдайда дұрыс алғашқы көмек көрсету маңызды.
Маман күннен қорғану үшін бірнеше кеңес ұсынады.
Күн ыстықта физикалық күшті шектеген дұрыс. Бөлмені салқындату үшін кондиционерді немесе желдеткішті пайдалану, жеңіл, ашық түсті киім кию, көлеңке жерлермен жүру, суды көп ішу. Алкоголь мен кофеден аулақ болған дұрыс. Көлік ішінде балалар мен жануарларды аз уақытқа болса да, қалдырмау керек.
– Ыстық күнде рационды жеңілдеткен жөн. Маусымдық көкөністерді, жеміс-жидектерді, көк шөп пен салқын тағамдарды көбірек қосу керек. Калий мен магнийге бай өнімдер пайдалы – олар қан қысымын және бұлшықет белсенділігін қолдайды. Бұл ретте тек су ішіп қана қоймай, оны электролиттермен толықтыру маңызды. Ыстықта ағза сұйықтықты көбірек қажет етеді. Ал, тұздар жетіспесе ағза жеткілікті мөлшердегі сұйықтықты да тиімді сіңіре алмайды, – деп атап өтті терапевт.
Ірі қалаларда аптап ыстық басталғанда ауа температурасы әдеттегіден 5-7°C-қа жоғары болуы мүмкін және бұл ағзаға бірден сезіледі. Әдетте асфальт пен бетон жылуды өзіне жинақтайды. Ал жасыл желектің аз болуы мен ауаның нашар желдетілуі, көліктердің жүрісі бұл жылудың ұзақ уақыт сақталуына алып келеді. Сондықтан, ыстық ауа райының қатерін қаперге алып жүрген жөн.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»