Облыс әкімі

Апаттың алдын алу – басты міндет

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында Асқар ШӘКІРОВТІҢ төрағалығымен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті. Онда Қарағанды облысындағы аймақтық азаматтық қорғаныс жүйесінің мәселелері талқыланды.

Онлайн режимдегі кездесуге Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Төтенше жағдайлар департаменті 2020 жылдың 8 айында 132 тексеру жүргізіп, өндірістік қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерін анықтаған. Биыл елімізде 8919 төтенше жағдайдан 15 мыңнан астам адам зардап шеккен. Сарапшылар 7 797 техногендік сипаттағы өндірістік апат, өрт және жарылыс болғанын сөзге тиек етті. Депутаттарға облыстағы 394 зауыттағы 36 862 қауіпті өндірісте пайдаланылып отырған өнеркәсіп қауіпсіздігі мен техникалық құрылғылардың жағдайы ұдайы қадағалауда екені айтылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек:

– Азаматтық қорғаныс жүйесі үшін соңғы бес жылда 16 апаттық-құтқару техникасы, 1354 арнайы құрал-жабдық сатып алынды. Облыстық бюджеттен осы мақсатта 2020 жылы 1 миллиардтан астам қаржы бөлінді, – деді. Бұқар жырау ауданының әкімі Ш. Мамалинов су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы қазіргі жағдай туралы айта келе, болашақта мұндай апатты болдырмау үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталса, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары А.Гайдин кәсіпорындағы апаттық жағдайды алдын алуға арналған шаралар туралы баяндады.

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров техногендік және табиғи апаттарға қарсы іс-қимыл – бұл елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бөлігі екенін атап өтті. «Төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау тәсілін қайта қарау қажет. Ол осы проблемаларға нақты талдау жасауға, жағдайдың дамуын болжауға және алда тұрған міндеттерді кешенді шешуге негізделуі керек», – деді. Кездесуді қорытындылаған Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында барлық азаматтардың өзін-өзі дамытуға ұмтылу қажеттігін атап өткенін еске салды, «өйткені, уақыт талабы бізді үнемі дамуға, жетілдіруге әрі күшейе түсуге ықпал етеді», – деді ол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button