Баспасөз мәслихатыРесми

Апатқа кінәлі – компания

Ленин шахтасындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі. Бұл – арнайы құрылған Үкіметтік комиссияның шешімі. Бүгінде 26 лауазым иесінен тұратын жауапты тұлғалар тізімі түзілді. Тізімге «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығынан бастап, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы еніп отыр.

 

Комиссия жұмысына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік етті.

– Комиссия Ленин шахтасындағы апат Д-6 пластын ашу кезінде бұрын бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газ бен көмір тозаңының көп мөлшерде шығуымен байланысты газодинамикалық құбылыстан орын алды деген ұйғарымға келді. №79 бекет тұсындағы бұрғылау станогының металл бекіткіштеріне бұрғылау қарнағының үйкелуінен ұшқын шыққан. Ұшқыннан метан газы мен көмір тозаңы тұтанып, жарылыс болған. Өндірістік жұмыстар реті дұрыс ұйымдастырылмағанын, инженерлік-техникалық персонал тарапынан тиісті қадағалау іс-шаралары жүргізілмегенін атап өту қажет. Мұнда Көмір департаментінің мамандары да, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы да өз ісіне салғырт қараған. Комиссия «жұмысшылардың кінәсі – 0 пайыз, жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз» деген ұйғарымға келді, – деді комиссия төрағасы.

Юрий Викторовичтің айтуынша, бұрғылау барысында шаң басу шаралары атқарылмаған. Яғни, көмір тозаңы өте көп мөлшерде жиналып қалған. Сондай-ақ, шахтада қауіпсіздікті қадағалайтын маман жетіспейді.

– Қауіпті газдар жайылуын болжау қызметінде тау-кен шеберлері тапшы. Есеп бойынша 25 адам болуы қажет. Ал, штат кестесінде 13 адам ғана еңбек еткен. Жұмыс күші жетпегеннен бұрғылау кезінде болжау жұмыстарының сапасы мен параметрлерін тиімді бақылауға мүмкіндік болмаған. Сонымен қатар, аэрогазды қадағалау қызметінің штатында жерасты электр слесарлары жеткіліксіз. Салдарынан газдан сақтану жүйесіне қызмет көрсететін, газ датчиктерінің жұмысын қадағалайтын мамандар жоқ, – деді Юрий Викторович.

Комиссияның қорытынды материалында ҚР еңбек заңнамасын, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бұзуға жол берген 26 жауапты тұлға есімі аталды. Бұл тізімде компанияның бас директоры Биджу Наир, көмір өндірісіне жауапты Желсон Батиста да бар. Комиссия төрағасының мәлімдеуінше, бұл тізім келешекте толығуы да ғажап емес. Жоғары басшылықтағы тұлғалар да куәгер немесе күдікті ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жинақталған материал жұмыс тәртібіне қарай қадағалау және құқық қорғау органдарына табысталады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша компания қызметіне кешенді тексеру жұмыстары қолға алынды. Естеріңізге сала кетсек, 3 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Ленин атындағы шахтада жарылыс болған еді. Салдарынан бес адам көз жұмып, төрт адам жарақат алған-ды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button