Жаңалықтар

Қаныш Сәтпаевтың Жәйрем түсті металл кен орнын ашуы

Жәйрем кен-барлау экспедициясының кен бұрғылау цехының басшысы Мусин Камал Құрманбайұлы менің жақын ағам. Көпжылғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде «ССРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағын алған және көптеген орден-медальдармен марапатталған. Жәйрем кен орнын ашушылардың алғашқыларының қатарында.  

Сурет автордан

Камал ағам бірде түскі тамақ үстінде маған: «Қаражал қаласындағы бастығымыз рациямен звандап, ертең Жәйремге Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтпаев барады. Жолдағы Байыр өзенінен күтіп алындар, көліктері судан өте алмай қалмасын, ұятқа қалмайық», – деді.

Біздер бергі жақтан трактор, «бортовой» көлікпен тамақ алып шығып, күтіп тұрдық. Түс ауа алдында көк «Волга» бастаған екі «бортовой» көлік, үстінде адамдары бар келе жатыр екен. Өзекте су ағып жатыр.  Көк «Волга» судан сырғып тез өтіп шығып кетті. Қанекең сабырлы қалпында «Волгадан» шықты. Біз құшақтап, сәлем беріп жатырмыз. Ол кісінің атақ-даңқын газет-журналдардан оқып, суретін көрген едім. Өте сымбатты, көрікті, сыпайы, маңғаз, данышпан адам екен. 

«Волганың» артында еріп келе жатқан екі «бортовой»  судың ортасында қалды, үстінде геологтар, бұрғылаушылар, жұмыскерлер бар. Біздің жігіттер трактормен көліктерін су кешіп жүріп, әрең дегенде шығарды. Ал, Қанекеңдей жүз жылда бір туатын азаматты, әруақты адамды  әулиелер қолдады ма,  ол кісі мінген көлік өзектен «зу»,- етіп өте шықты. Әлден уақытта Қанекең «Волгаға» отырып, солтүстік батысқа жол сілтеді. Біздер «бортовоймен» салдырлап,  артынан келе жатырмыз. Байыр өзенінен 10-12 шақырымдай  жүрген соң «Волга» тоқтады. Әрі қарай Қанекең көлігінен түсіп, жаяу жүрді.  Жүріп бара жатып еңкейіп шөп жұлып алады да алақанына салып үйкелейді. Біз салдырлаған көлігімізбен Қанекеңдерге кешігіп жеттік. Тоқтаған жерге палатка жайып, дастарханға әкелген тамағымызды, сусындарымызды қойып, қонағымызды күтіп отырдық. Қанекең бізден 1 шақырым ұзап кетті. Артынан барып дастарханға шақырдық. Қанекең дастарханға сыпайы жайғасты. Отырған жеріміздің маңайынан шөп жұлып алып, алақанына салып,  уқалайды. Бір кезде Жәйрем кен барлау экспедициясының бас геологы А.Рожновқа: «Рожнов жолдас, мына жерге шыққан өсімдіктердің астында «Марганец»  рудасы болу керек. «Марганец» рудасының бетінде осындай селеу шөптер өседі, осы жерге бұрғылау станогын орнатып, рудасын маған жіберіңіздер!» деді. Міне, сөйтіп Қаныш Имантайұлы  Жезқазғанға КазССР ғылым Академиясының көшпелі сессиясын өткізуге бара жатқан сапарында  Жәйремдегі марганц кенін ашып кеткен еді. 

Бүгінгі күні  «Үшқатын» төбешігі деп аталатын жерде үлкен карьер және шахта жұмыс істейді. Миллиондаған тонна «марганец» рудасы ел игілігіне жұмсалып жатыр. Геологтардың болжамы бойынша Жәйрем кен орнында 8 түрлі түсті металл бар.  А.Рожнов «Ескі Жәйрем» кенті астында космос корабльіне қажетті өте қымбат металдар; «Осьмий», «Рений», «Платина» т.б. бар дейді.

Ғұлама ғалым К. Сәтпаев Жәйрем кен орнын өсімдік арқылы анықтап ел игілігіне ұсынды. Жәйрем халқы мұны әрқашан да мақтанышпен айтады.

Қ.Сәтпаев «Қазақстанның металлогендік картасын» жасағанда, жер асты кен орнын жердегі өсімдіктер арқылы анықтап, ғылыми болжам карта жасаған екен.

ССРО ғылым академиясынын президенті, академик К. Камаров: «Мен Советтер одағын және шет елдерде өсетін өсімдіктердің атын, жалпы өсімдіктер систематикасын жақсы білемін деуші едім, академик Қаныш Сәтпаев өсімдіктер систематикасын менен де артық біледі екен» депті.

… «Үшқатын» жерінен тамақтанып болған соң, геологтардың мекені «Ескі Жомарт» кентіне Қанекеңді қонаққа шақырдық. Қой сойып, ауыл ақсақалдары Құрманбай, Мұздыбай, Жамбек палуан, әнші-сазгерлер Қанекеңмен табақтас болып, Қанекеңнің әнін тындады. Ол кісі тарихи әңгімелерден, «Ер Едіге» жырынан мағлұмат берді. Әуелетіп ән салды, біраз уақыт өтті, кісілер тарады. 

Қанекеңе төргі бөлмеге астына жұмсақ көрпелер төсеп, аппақ көрпе жапқыштар жауып, жайлы төсек салып бердім. Қанекең төсеке бірден жатпады, «Қарағым маған шағын леген және шәйнекпен су әкеліп берші» деді. Атамның дәрет алатын шағын легенін тездетіп тазалап, шәйнекке жылы су құйып, жататын бөлмеге апарып қойдым. Есіктен сығалап қарасам дәрет алып отыр екен. Дәрет су легенін алуға барсам, Қанекең есікті жауып алып, намаз оқып отыр. Совет үкіметі намаз оқитын үкімет адамын қудалайтын білетін едім, бұл сырды ешкімге айтпадым. Таңертең ерте тұрып, қарағым, шапан барма деді. Ол уақытта таза плюш шапан елде жоқ, мен атамның ескі кіршең шапанын беруге ұялдым. Менің ұялып тұрғанымды байқап қалып, «Қарағым менде ауылдан шықтым,  шапаныңды бере бер» деді. Шапанды жамылып тысқа дәретке шықты. Даладан келді. Мен сиыр сауып отыр едім, «Қарағым сауар көбейсін» деді. Өмірімде бай мінезді, қарапайым, ілтипатты ғұлама адамды бірінші рет көрген едім» деген еді Камал Мусин ағамның өмірлік жары, марқұм Балкен жеңгем. 

Карл ЖАНСАҒЫМОВ,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы,
ҚР ғылым білім беру ісінің үздігі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button